Оқытушылар арасында өткен республикалық байқау өз мәресіне жетті

27 Шілде 2022, 22:02
3031
Бөлісу:
Оқытушылар арасында өткен республикалық байқау өз мәресіне жетті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылғы 27 шілде күні ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында  Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ұлт ұстазы атындағы оқытушылардың республикалық байқауы өз мәресіне жетті. 

Бұған облыстық кезеңнен жүзден жүйрік атанған 12 үміткер қатысты.

Оқытушылар арасында өткен республикалық байқау өз мәресіне жетті

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылымның негізін қалаған, елдік тарихындағы ұлы санаткер тұлға. Оның өміршең ғылыми-әдістемелік ұстанымдары әлі күнге дейін өзектілігін сақтап келеді. 

Жыл сайынғы дәстүрлі сайыс ұлы әдіскер ғалымның тіл оқыту, үйрету саласындағы еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгертуге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтауды және насихаттауды, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыруды, өзара тәжірибе алмасуды мақсат тұтады. 

Бұл мерейтойлық білім мен білік сынға түсетін кезекті бәйгенің биылғы басты ерекшелігі – Ахмет Байтұрсынұлының әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан мерейтойы аясында өткендігі болса; осындай жүрекке жылы тиген тағы бір тұсы – қойнауы құт, мыңдаған талант туған жомарт жұмақ мекен, мәдени-рухани құндылыққа бай өлке әйгілі Әулиеата өңірінде, соның ішінде тарихымыздың темірқазығы Таразда өтуі. Жалпыхалықтық сипатқа ие болған шоқтығы биік шараның жоғары деңгейде өтуіне Жамбыл облысының әкімдігі жақсы үлес қосты.

Ахаң қазақтың қазақ бола білуіне жанын аямай, халық үшін, оның мәдени-әлеуметтік болмысын көтеру үшін қызмет етті, бұқараны білім алуға шақырған қазақтың тұңғыш білім министрі атанды. Алаш қозғалысының ғана емес, барлық замандағы ұлтшылдардың рухани көсемі танылды. Дара тұлғаның өсиеті, қалдырған мұрасы тіл жанашырларының алға ұстар бағдаршамы болуға тиіс. Бәріміздің мақсатымыз – Ахмет Байтұрсынұлы қалдырған рухани жəне ғылым-білім саласындағы мол мұралар сабақтастығын жалғастыру, деді байқаудың шымылдығын ашқан Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Сейтбекқызы Тұрмаханбетова. 

Бұл жолғы байқаудың жаппай бұқаралық мазмұнға ие болуының және бір мәнісі: қатысушылар бұдан біраз бұрын Facebook желісіндегі tilqazyna парақшасына өз бейнесабақтарын жариялап, тіл тағдырына немқұрайды қарамайтын қалың оқырман қауымға пікір білдіру, баға беруге мүмкіндік туғызды. Сол себепті сайыстың алғашқы кезеңінде әр үміткер өзін бірден таныстыруға көшіп, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақтаған тәжірибесі негізінде авторлық бағдарламасын ұсынса, қазылар алқасы өз кезегінде түйінді пікірін білдірді. 

Байқаудың келесі кезеңі Ахмет Байтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне, соның ішінде оқыту әдістемесінің мазмұнына, оның ғылыми тұжырымдарына, сонымен қатар қазіргі заманғы тіл үйретудің соңғы технологиялары мен әдіс-тәсілдеріне арналды. Қатысушылар қалаған ұяшықтағы жоғарыда аталған бағыттар бойынша алдын ала дайындалған сұрақтарға санаулы минуттар ішінде жауап беріп отырды.

Байқаудың соңғы шешуші кезеңі арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Үміткерлер тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмалар беріп, аудиториямен жұмыс жасау қабілетін сынаққа салды. Әсіресе, тапсырманы орындауға топ мүшелерін белсенді қатыстыру жағы қатаң ескерілді. 

Бірнеше кезеңнен тұратын бұл мерейтойлық байқауға қатысушылар, бұрынғы жылдарымен салыстырғанда, Ахаңның аяулы есіміне құрметпен қарап ерекше көңіл күймен, тыңғылықты дайындалып келгенін байқатты. Кілең дүлдүлдер арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға түскен жоқ. 

Оқытушылар арасында өткен республикалық байқау өз мәресіне жетті

Қызу талқыдан өтіп, жеңіс тұғырына көтерілген жүлдегерлерді қазылар алқасының мүшелері, есімі елімізге кеңінен танымал ғалымдар марапаттады. 

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» орталығының оқытушысы Сағым Барлықбайқызы Естемісова, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі оқытушысы Жадыра Тұяқбайқызы Дайырова, Солтүстік Қазақстан облысы Тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Әсем Ғабитқызы Абдраимова, Түркістан облысы Тілдерді оқыту және дамыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Шынар Бахытқызы Сағынтаева, Жетісу облысы «Тіл» оқу әдістемелік орталығы Панфилов аудандық филиалы оқытушысы Надира Нұрғазықызы Қадыровалар – Назарбаев Университеті Түркітану және қазақ тілі департаментінің оқытушысы, PhD Айдар Қалайбердіұлы Балабеков пен М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті Лаура Төлегенқызы Макулованың қолынан ынталандыру сыйлығына ие болды.  

Үшінші орынды жеңіп алған Павлодар облысы Ақсу қаласының мәдениет және тілдер бөлімінің әдіскер-оқытушысы Тәттігүл Құндызбекқызы Бекенова, Ақмола облысы Ақкөл ауданының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гайнель Сәкенқызы Дюсенбаева,  Қостанай облысы  «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр  Білісбайқызы Миркемелованы – KAZGUU Жоғары Гуманитарлық мектебінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Советханқызы Дүсіпбаева марапаттады. 

Қарағанды облысының тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Фариза Ерланқызы Боранғазы мен  Ақтөбе облысы Тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл  оқытушысы Шыңғысхан Берікұлы Түменбаев екінші орынды иеленіп, оларға арнаулы марапатты Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ  Қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекжан Әбдуәлиұлы табыстады.

Кезек қазылар алқасының төрағасы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Бағдан Қатайқызы Момыноваға келді. Ол Жамбыл облысы Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлдерайым Болатқызы Халыққа бірінші орынның жүлдесін табыстады.

Байқаудың Бас жүлдегері – Қызылорда облысы тілдерді оқыту орталығының мемлекеттік тіл оқытушысы Алтынай Романқызы Орынбаева. 

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің басқарма басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қожаназарқызы Көкенованың айтуынша, Тіл саясаты комитеті мен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ЮНЕСКО көлемінде өтіп жатқан ұлт ұстазының биылғы мерейтойлық жылында бірқатар халықаралық, республикалық деңгейдегі шараларды атқарды. Ахмет Байтұрсынұлының өзінің туған күні – алдымыздағы 5 қыркүйектен бастап, жылдың аяғына дейін жүзге тарта сүбелі жұмыстар жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы