Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Оқушылардың білім деңгейі төмендеп жатыр: Депутат дабыл қақты

18 Маусым 2025, 12:48
991
Бөлісу:
 Мәжілістің баспасөз қызметі
VIDEO
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Оқу-ағарту министріне сауал жолдап, орта білім беруге жұмсалған қаражаттың соңғы 6 жылда 3,5 есеге артқанына қарамастан, сапаның айтарлықтай жақсармағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол жоғары аудиториялық палатаның соңғы 10 жылдағы есебіне сүйеніп, халықаралық зерттеулер бойынша Қазақстандағы оқушылардың білім деңгейі төмендеп келе жатқанын мысал етті.

2022 жылы төртінші сынып оқушыларының тест нәтижесі 2023 жылмен салыстырғанда 19 пайызға, ал тоғызыншы сынып оқушыларының нәтижесі 22 пайызға төмендеді, - деді депутат.

Сонымен қатар, білім беру туралы заңда "білім сапасын ұлттық бағалау" деген арнайы тетік болуы тиіс болғанымен, жоғары аудиториялық палатаның есебінде соңғы 16 жылда бұл тетік іске қосылмағаны көрсетілгенін айтты.

Депутат сонымен қатар соңғы алты жылда үлгілік оқу жоспары 9 рет өзгергенін, бірақ оның ешқайсысына сараптамалық апробация жасалмағанын, пилоттық мектептерді іріктеу тәртібі мен мерзімдері де белгіленбегенін атап өтті. Бұл кемшіліктің қашан жойылатынын сұрады.

Тағы бір маңызды мәселе — елімізде 300 мыңнан астам оқушы білім алатын 800-ге жуық жекеменшік мектеп бар, бірақ оларға мемлекеттік тапсырыс тоқтатылып, қаражат жергілікті бюджетке берілмек. Осы мектептердің жабылу қаупі туындап, онда оқитын балалардың тағдырына алаңдаушылық білдірді.

Сондай-ақ, жоғары аудиториялық палатаның есебінде 66 мектепте лицензия болмағаны көрсетілген. Депутат лицензиясыз білім берілген мектептердің қалай жұмыс істегені түсініксіз екенін, бұл мәселенің неден туындағанын және шешімін сұрады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев көтерілген мәселелердің өзектілігін мойындап, білім сапасын арттыруға бағытталған заңнамалық шаралар мен реформалар туралы толық ақпарат берді.

Білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі толық трансформацияланып, жалпы орта білім беруді бағалау жүйесінің жаңа әдісі бекітілді. Бұл — сапаны жүйелі түрде бақылау мен бағалаудың негізгі құралы, - деді министр.

Ол сондай-ақ ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын жою үшін белсенді іс-шаралар жүргізіліп жатқанын, үлгілік оқу жоспары әлемдік үрдістерге сай сарапшылармен бірлесіп жаңартылып жатқанын атап өтті.

Жекеменшік мектептер мәселесіне тоқтала отырып, министр олардың саны соңғы 5 жылда 100-ден 800-ге дейін өскенін, бірақ сапа мәселесі министрлікті алаңдатып отырғанын айтты.

Жоғары аудиториялық палатаның тексеруі бойынша жекеменшік мектептерде білім сапасына қатысты сұрақтар бар. Сондықтан сапаны арттыру үшін шаралар қабылданып жатыр. Егер кейбір мектептер жабылса, ол сапасыз, жертөледе орналасқан, тиісті талаптарға сай келмейтін мекемелер болады. Сапалы білім беретін мектептерге қауіп жоқ, - деді Ғани Бейсембаев.

Министр лицензиясыз жұмыс істеген мектептерге қатысты да нақты жауап берді.

Біздің комитет үлкен тексеру жасап, осыны анықтап, заң аясында сотқа берді. Жалпы мектептердің лицензиясы болмаса, білім процесін бастауға болмайтындығы туралы әкімдіктерге қатаң ескертілген болатын. Сондықтан жаңағы лицензиясыз мектепті бастаған әкімдіктер заң аясында соттық негізде жауапқа тартылып, өзінің тиісті жаңа айыппұлдарын төледі. Бұл бағытта бақылау күшейтілген, тексерістер одан әрі қадағаланып отыр. Жалпы мектептердің барлығы лицензиясыз істемеуі тиіс. Бұл бағытта әкімдіктер де бұл мәселені қазір қатаң бақылауға алғанын атап өткім келеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы