Оқушылардың бағалау жүйесі қайта қаралады: Министр себебін атады

Мектептегі бастауыш сыныптарда тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталуы мүмкін.

28 Шілде 2026, 12:33
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві 28 Шілде 2026, 12:33
28 Шілде 2026, 12:33
212
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстанда бастауыш сыныптарда тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі бағалау жүйесінде тоқсандық жиынтық бағалау тоқсандық бағаның 50 пайызын құрайды. Ал қалған 50 пайызы күнделікті қалыптастырушы бағалау мен бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) нәтижелері негізінде қойылады.

Оның сөзінше, оқушы тоқсан бойы сабаққа қатысып, барлық тапсырманы орындап, бөлім бойынша жиынтық бағалаудан жақсы нәтиже көрсеткенімен, тоқсандық жиынтық бағалаудан төмен балл алса, бұл оның қорытынды бағасына кері әсер етуі мүмкін.

Біздің ойымызша, бұл әділетті емес. Өйткені бастауыш сыныпта баланы бағалаудан бұрын оның білімге деген қызығушылығын арттыру, өзіне деген сенімін нығайту маңызды. Сондықтан бүгінгі таңда балалар үшін қолайлы, әділ әрі дамытушы бағалау жүйесін қалыптастыру мәселесін қарастырып жатырмыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр бұл мәселеге қатысты ата-аналар, педагогтер мен қоғам өкілдерін өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіруге шақырды. Оның айтуынша, бағалау жүйесіне қатысты өзгерістерді талқылау барысында жұртшылықтың пікірі ескеріледі.

Еске сала кетейік, Қазақстанда бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) бастауыш сыныптарда алып тастау мәселесі талқыланып жатыр.

Наверх