Оқушылар төбелесі: Бұл түске дейін шекісіп, түстен кейін достасып кететін ойын баласының ісі емес - Әшімбаев

30 Қаңтар 2019, 10:04
9626
Бөлісу:
Оқушылар төбелесі: Бұл түске дейін шекісіп, түстен кейін достасып кететін ойын баласының ісі емес - Әшімбаев

Астана, BAQ.KZ. Мектеп оқушылары арасындағы төбелес бейнеленген видеолар жайлы "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз ойын айтты.

"Соңғы кездері әлеуметтік желілерде мектеп оқушыларының жаға жыртысқан видеолары жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Елді дүрліктірген сол келеңсіздіктерді көріп, бізден де маза қашты. Өйткені, бұл түске дейін шекісіп, түстен кейін достасып кететін ойын баласының ісі емес. Бұл – қоғамдағы кейбір мәселенің өзегі қайда жатқанын айқын көрсетіп берген дабыл қағарлық жағдай" - дейді ол.

Сонымен қатар, ол жастықпен, албырттықпен "айқасып қалу" өз басынан да өткенін, бірақ ол кездегі жүйе мен идеологияның басқа болғанын айтады.

"Иә, бәріміз де жас болдық. Оның үстіне, біздің жастық шағымыз 80-жылдарға тап келіп, бұрылысы мен қиылысы көп жолдардан өтуге мәжбүр болғанымызды да жасырмаймыз. Өйткені сол жылдарда Алматыда жастар арасында қалыптасқан жағдайдың өзі соған жетелейтін. Бірақ ол кездегі жүйе, идеология, тіпті себеп те басқа болатын. Соның өзінде дәл мұндай сорақылыққа жол берілмеуші еді. Тіпті ол кезде қазақи ортада өскен балаларда бір-біріне деген мейірім, аяушылық деген сезімдердің басым болғанын ерекше атап өткен жөн" - деп жазады ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуына қарағанда қазір тәуелсіз ел атанып, өз қолымыз өз аузымызға жеткенде, тіл, діл, дін сияқты асыл құндылықтарымыз қайта үстемдік құрған шақта осындай оқиғаның болуы көңілге қаяу түсіреді. 

"Мұндай келеңсіздіктің үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үгіттейтін қазақы тәрбиеге жат қылық екені белгілі. Сонда ол балалардың бесіктен белі шықпай жатып, бір-біріне осыншалықты өшігулерінің себебі не? Меніңше, бұл сұрақтың жауабы тым тереңде жатыр. Алдымен, біз қазіргі таңда қоғамдағы кейбір құндылықтардың құлдырап кеткенін және бала тәрбиесінде ата-ана мен мектеп арасындағы үйлесімнің үзілгенін мойындауымыз керек. Осы түйткілдердің алдын алу үшін мәселенің салдарымен ғана емес, себебімен де күресуді қолға алған абзал. Яғни, жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер мен орталықтар ашып, олардың қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Әсіресе, осы үрдіс ауылдық жерлерде жүйелі жолға қойылып, баланың мектептен тыс уақытын пайдалы нәрсеге жұмсауына жағдай жасалуы тиіс" - дейді ол.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын айтты.

"Рас, бұл салада мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Елбасы осы бағытты үнемі басты назарда ұстап келеді. Кешегі өткен «Жастар жылының» ресми ашылу салтанатында да Мемлекет басшысы тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөліп, баланы жоғары сыныптардан бастап үлкен өмірге бейімдеудің берері мол екенін айтты. Сондықтан мектептерде білім берумен бірге, өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына, олардың бойына дұрыс құндылықтарды сіңіруге бағытталған кешенді жұмыстар істелуі керек. Әрине, тәрбиенің ең басты табан тірейтін жері отбасы. Сол себепті, бала тәрбиесіндегі негізгі салмақ та, жауапкершілік те ата-анаға жүктеледі. Әр ата-ана осыны сезініп әрекет етуі тиіс" - дейді ол өз жазбасында.

Оның ойынша жастар тәрбиесіне ата-ана да, мектеп те, қоғам да жауапты болуы керек.

"Түйіндеп айтқанда, мұндай жағдайға ата-ана, мектеп және тұтас қоғам бірдей жауапты. Сондықтан жас буынның өмірден өз орнын тауып, ұлағатты ұрпақ болып қалыптасуына аса мән беріліп отырған «Жастар жылы» аясында жастарды тәрбиелеуге бағытталған игі істердің сәтті жүзеге асырылуына бүкіл қоғам болып атсалысайық" - дейді Мәулен Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы