Әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы №49 мектептің оқушысы өз қатарластарын әжетханада ұрып-соғып, балағаттаған бейнежазба тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жағдай қоғамның наразылығын туғызып, ресми органдар назарын аудартты.
Оқиға Іле ауданына қарасты Қарасай ауылында орналасқан білім ордасында болған. Бейнежазбада жасөспірім бірнеше оқушыны қатар тізіп қойып, күш көрсетіп жатқаны анық байқалады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бұл дерекке байланысты түсініктеме беріп, аталған жағдай 2024 жылдың қыркүйек айында болғанын растады. Оның айтуынша, бұл оқиғаны жан-жақты және әділ зерттеу мақсатында арнайы комиссия құрылып, қылмыстық іс қозғалған.
Қазір оқушыларға психологиялық және педагогикалық қолдау көрсету шаралары қолға алынды. Сонымен қатар ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мектептегі ықтимал жүйелік кемшіліктерді анықтау үшін мониторинг басталды, - деді Зәкиева.