Оқу-ағарту министрлігінің "Өркен" Балалардың әл-ауқаты ұлттық ғылыми-практикалық институты "ДосболLIKE" антибуллингтік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы бойынша аралық қорытындыларын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, диагностикалық сауалнамаға бағдарламаға қатысушы пилоттық мектептерден 20 мыңнан астам оқушы, ата-аналар мен педагогтер қатысты.
Респонденттердің айтуынша, олардың психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысу белсенділігі бағдарлама басталған уақытпен салыстырғанда бес есеге артқан.
Нәтижелер көрсеткендей, пилоттық мектептерде оң өзгерістердің тұрақты динамикасы байқалады:
- мұғалімдер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас жақсарған;
- мектепте көмектесуге дайын ересектер бар екенін сезінетін балалар саны үш есе өскен;
- оқушылар арасындағы қарым-қатынас мейірімділік пен достыққа құрылуда;
- балалар арасында мазақтау үшін лақап есімдермен атау жағдайлары азайған;
- педагогтер әкімшілік пен әріптестер тарапынан қысымға сирек ұшырайтын болған.
Айта кетейік, отандық "ДосболLIKE" антибуллинг бағдарламасы биыл 1 қыркүйектен бастап барлық мектептер мен колледждерге енгізіледі. Қазіргі таңда бағдарлама еліміздің тоғыз өңірінде 50 мектепте апробациядан өтуде.