Оқушылар науқастарды инсульттен кейін оңалтатын құрылғы ойлап тапты

3 Сәуір 2023, 12:38
1099
Бөлісу:
Оқушылар науқастарды инсульттен кейін оңалтатын құрылғы ойлап тапты
Фото: автордан

Назарбаев зияткерлің мектебінің бір топ оқушысы ойлап тапқан өнертабыстар биомедицина, инженерия және технологиялар бағытындағы республикалық байқауда жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Оқушылардың жобалары инсультті бастан кешкен науқастарды оңалтуға бағытталған. Бағдарламалық-басқару кешені бірнеше заттың көмегімен ондаған жаттығу түрін жасауға бағытталған. Оңалту процессі автоматтандырылған, науқастың сауығу динамикасы мобильді құрылғының көмегімен қадағаланып отырады.

Жоба авторлары Аида Әбекенова мен Шахназар Сайлауканның айтуынша, жоба аяқталған соң жергілікті кардиологтар мен неврологтардың назарына ұсынылды. Мамандар оң бағасын берген.

Кешеннің құрамында ақылды бас киім, кубик және қолғап бар. оған Rehabis деген атау бердік. Науқас автоматтандырылған жүйенің көмегімен бұлшықеттерді қалпына келтіруге арналған жаттығулар жасайды. Жобаны бір жыл бұрын қолға алдық. Іске қоспас бұрын облыстық кардиохирургия орталығында сынақтан өткіздік. Біздің жобаның ерекшелігі – үш құрылғының біріктірілген жүйесінде. Бұл жүйе тренажерлар жинытығын құруға мүмкіндік береді. Оған қоса, нарықтағы ұқсас құрылғыларға қарағанда арзан, - дейді жоба авторларының бірі Шахназар Сайлаукан.

Жастар бұл жобасы үшін Қазақстан-Британ университетінің оқу грантын ұтып алды.

Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір оқушысы қашықтан басқаруға арналған бионикалық қол ойлап тапты.

Менің жобам, ол – қолдың бионикалық протезі. Құрылғы протездеу, қашықтан басқару және өзге де әрекеттерді жасауға арналған. Адам қолынан айырылып, протездеуді қажет етсе, қолдануға болады. Осы протез блютуздің көмегімен жұмыс істейді. Мәселен, адам қолымен жасалатын әрекеттер қауіпті болса, құрылғы арқылы неше түрлі әрекет жасауға болады, - дейді жоба авторы Мирас Бари.

Айта кетейік, жас өнертапқыштардың ендігі мақсаты – жобаларын одан әрі жетілдіріп, кеңінен қолдану.

Өзгелердің жаңалығы