Оқушылар электронды темекіге әуестеніп барады – Тоқаев

8 Қараша 2022, 11:08
1114
Бөлісу:
Оқушылар электронды темекіге  әуестеніп барады – Тоқаев

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуі кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай, - деді Президент.

Ол жасөспірімдерге алкоголь өнімдерін сату бойынша  бақылауды күшейтуі керектігін айтты.

Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ, бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек. Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін, - деді ол.

Ол өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет екенін айтты.

Осы орайда, спорт инфрақұрылымын дамытып, оны барынша қолжетімді ету – маңызды міндеттің бірі. Өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу керек. Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Әкімдікке осы шаруаларды пысықтауды тапсырамын. Тағы бір айтайын дегенім, ескерткіштер қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет. Бұл Атырау облысына ғана емес, бүкіл елімізге қатысты мәселе, - деді Мемлекет басшысы.

Өзгелердің жаңалығы