Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында қосымша біліммен қамтылған балалар саны 322 592 адамға өсті, деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.
Мектептен тыс қосымша білім балаға білім берудің маңызды бөлігі болып табылады. Ооның маңызы мектеп бағдарламасынан кем емес. Қосымша білім адамның жалпы дамуы процесін қолдауға және өсіп келе жатқан тұлғаның танымдық, шығармашылық, коммуникативтік қажеттілігін қанағаттандыруға бағытталған.
"Бүгінгі күні әрбір үшінші оқушы мектептен тыс қосымша біліммен қамтылған. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында қосымша біліммен қамтылған балалар саны 322 592 адамға өсті. Мысалы, 2015 жылы – 673 219 адам болса, 2019 жылы – 995 811 адам", - делінген БҒМ хабарламасында.
2019 жылдың 18 қазанында ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен балаларға қосымша білім беруді әрі қарай дамыту бойынша жиын өткенін атап өту керек. Кеңесте балаларға қосымша білім беруді әрі қарай дамыту, қосымша білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру, оқушылар сарайларын стратегиялық дамыту, балаларға қосымша білім беру жүйесін дамытуды басқарудың әлеуметтік тетігі мәселелері қарастырылды.
Жиын қорытындысы бойынша білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов колледждер мен жоғары оқу орындарының жанында балалар үшін үйірме, секция және студиялар ашу мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ, балаларға қосымша білім беру жүйесінде жан басына шаққандағы қаржыландыру тетігін әзірлеу жоспарлануда.