Оқу-ағарту министрі сенбі күндері зерттеушілермен кездеседі

25 Қараша 2022, 12:33
896
Бөлісу:
Оқу-ағарту министрі сенбі күндері зерттеушілермен кездеседі

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сенбі күндері зерттеушілермен кездесулер өткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министр соңғы екі отырыстың балаларды ерте жастан дамыту мен білім берудегі теңсіздік мәселелеріне арналғанын айтты. 

Кездесуге Кембридж, Мичиган, Пенсильвания, Бристоль және т.б. шетелдік жетекші университеттерде оқитын қазақстандық докторанттар және еліміздің университеттеріндегі профессорлар қатысты. Уақыт айырмашылығына байланысты кейбір қатысушылар түнгі сағат 2-3 кезінде zoom-ға қосылды. Спикерлер өздерінің ғылыми зерттеулерінің аралық нәтижелері мен қорытындылары жайында айтып берді. Көптеген орынды ұсыныс айтылды. Ұсыныстардың қатарында педагогикалық университеттер мен колледждердегі оқыту сапасы, балаларды ерте жастан дамыту бойынша мамандарды және дамуында ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін педагогтерді дайындау, оқушының әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің оқу нәтижелеріне әсері мәселелері бар. Көтерілген ерекше ұсыныстардың бірі – мектептерде арнайы ашық кітапхана-коворкинг орталықтарын құру. Мұндай орталықтарда балалар қажет болған жағдайда үй тапсырмасын орындап, кітап оқи алады және олар жабылып қалмай, балаларға кез келген уақытта қолжетімді болады. Зерттеушілер сыртқы бағалаудың өзектілігі және сыртқы бағалау рәсімдерінің нәтижелері бойынша тексерілген басқару шешімдерін қабылдау, өңірлік білім басқармаларының даму стратегияларын әзірлеу және тиімді іске асырудың маңызы туралы айтты, – деді Оқу-ағарту министрі.

Айтуынша, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған кітапхана керек деген ұсыныс дұрыс. 

Біз әзірше оны Ерте дамыту орталығының жанынан құрылымдық бөлім ретінде ашамыз. Дамытуға қатысты арнайы әдебиетті, балалардың көркем әдебиеттерін, ата-аналарға, мамандарға қажетті дамыту құралдарын, әдістемелерін де сол жерге жинаймыз. Мектептерде де жұмыс істейтін дәстүрлі кітапханаларға есіктері жабылмайтын, бала қажетті уақытында сабағын сол жерде оқитын, кітап оқитын қосымша ашық кітапханалардың болғаны да дұрыс. Мүмкіндігінше бұл бастаманы енгізіп жатырмыз. Білім беруді ұйымдастырудың ішкі мәдениеті, балалармен қарым-қатынас жасау кезінде тәрбиешілердің педагогикалық этика нормалары, мұғалімдердің де, ата-аналардың да психологиялық ерекшеліктерін есепке алу және балалардың ертеңгіліктерге қатысуға ынтасы мәселелері талқыланды. Балабақшаларымызда өткізілетін әртүрлі іс-шаралардың әдіс-тәсілін, құрылымдық ойынды ұйымдастыру мазмұнын балалар іс-әрекетінің бір түрі ретінде, мектепке дейінгі тәрбиеден бастауыш мектепке бірқалыпты көшуді жаңарту ұсынылды, – деді Аймағамбетов.


Сондай-ақ ол аз қамтылған отбасылардан шыққан мектепке дейінгі ұйымдардың балаларына, соның ішінде кеңсе тауарлары, балалар кітаптары және түрлі дамыту ойындары арқылы қолдау көрсетудің өзекті мәселесі көтерілгенін айтты.

Қатысушылар ата-аналарға арналған қолданыстағы консультация пункттерін қайта іске қосуды, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған оқу-әдістемелік және дамыту кешендерін шығаруды, оларды ұлттық контентпен толықтыру, бірыңғай терминология қабылдау және т.б. мәселелердің маңыздылығын да атап өтті. Ғылыми зерттеулердің нәтижесіне қарап шешім қабылдау керек екенін үнемі айтып келемін. Зерттеушілерімізге өздерін толғандырған мәселелерді талқылауға, білімдері мен ойларын ортаға салуға уақыт бөлгені үшін тағы да алғыс айтқым келеді, – деді министр.

Өзгелердің жаңалығы