Оқу-ағарту министрі мектеп бағдарламасындағы қайталанатын тақырыптар қайта қаралатынын айтты

26 Тамыз 2026, 14:10
АВТОР
 Ақорда 26 Тамыз 2026, 14:10
26 Тамыз 2026, 14:10
67
Фото: Ақорда

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова тамыз конференциясының пленарлық отырысынан кейін журналистерге білім беру мазмұнын жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің сөзінше, қазіргі таңда білім мазмұны толық қайта қаралып жатыр. Алдымен бастауыш білім беру бағдарламасындағы пәндер мен олардың барлық тақырыптарына талдау жүргізілген.

Мысалы, математика пәнін алайық. Бастауышта 50-ден астам тақырып бар екен. Оның 16-сы ғана 1-2 сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне арналған. Кейбір тақырыптарды біз 5-сыныпқа, кейбірін 7-сыныпқа ауыстырдық. Осыдан бастауыш сынып мұғалімдерінің қаншалықты қиын жағдайда жұмыс істегенін аңғаруға болады, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Оның айтуынша, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне де өзгерістер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, тоқсандық бағаға әсер ететін бағалау тәсілдері қайта қаралуда.

Министр бұған дейін формативті бағалаудың үлесі жеткіліксіз болғанын атап өтті. Соның салдарынан оқушы сабаққа күнделікті қатысып, белсенділік танытпаса да, тоқсан соңындағы бақылау жұмысын жақсы орындау арқылы жоғары баға ала алатын.

Енді оқушының сабаққа қатысуы, күнделікті белсенділігі және аралық бағалауы ескерілетін болады. Осы көрсеткіштердің негізінде тоқсандық баға қалыптастырылады.

Аралық бағалау аясында диктант, мазмұндама, шығарма жазу, сондай-ақ математика пәнінен бақылау жұмыстары қарастырылған.

Бұған дейін де мұндай жұмыстар болғанын айтып жатқандар бар. Бірақ біз әдістемелік нұсқаулықта әрбір тақырып бойынша диктанттың қай кезде, қай аптада алынатынын, оның критерийлері қандай болатынын және бағалау схемасын нақтылап көрсеттік, – деді министр.

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, бағалау жүйесі ең алдымен әділетті болуы керек. Ол оқушының білім алуға деген ынтасын арттырып, әрі қарай дамуына мотивация беруі тиіс.

Министр білім мазмұнын қайта қарау барысында бастауыш сынып мұғалімдерімен бірнеше рет жұмыс жүргізілгенін айтты. Оның ішінде пәндердің мазмұнына қатысты арнайы сессиялар ұйымдастырылған.

Қазіргі таңда министрлік жалпы орта білім беру жүйесіндегі оқу бағдарламаларын да қайта қарап жатыр.

Біз қайталанатын тақырыптарды немесе еңбек нарығына қажет емес тақырыптарды қайта қарастыратын боламыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осылайша, білім мазмұнын жаңарту барысында оқу бағдарламаларындағы артық және қайталанатын тақырыптарды қысқартып, оқушының жас ерекшелігіне және қазіргі еңбек нарығының талаптарына сай келетін білімге басымдық беру көзделіп отыр.

Бұған дейін оқулықтардан «жаға ұстататын» қателер табылғанын айтқан министр жағдайды түсіндірді

Наверх