ОПЕК+ мұнай нарығына қатысты күтпеген шешім шығарды

8 Наурыз 2021, 20:26
1607
Бөлісу:
ОПЕК+ мұнай нарығына қатысты күтпеген шешім шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Теңгеге сыртқы нарықтағы оқиғалар мен сыртқы факторлардың түрлі бағытта әсер етуі туралы Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті директоры Нұржан Тұрсынханов айтып береді.

egemen.kz сайтының мәліметіне қарағанда, теңге әлсірегеннен кейін аптаның ортасына қарай бағамның нығайып, тұрақтана бастағаны байқалады. Ұлттық банк  өкілі нақтылап өткендей, бүгінгі сауда сессиясында теңгенің аздап нығаюы түрлі бағыттағы серпінді көрсеткен сыртқы іргелі факторлармен тікелей байланысты.

Ең алдымен, теңгенің нығаюына мұнай бағасының өсуі әсер етті. Brent эталондық сұрыпты мұнай бағасын белгілеу бейсенбінің ашылу бағасымен салыстырғанда, жұма күні таңертең 5%-дан астам қосып, бұрын қол жеткізілген ең жоғары мәндерге қайта оралды. Мұнай нарығында қалыптасқан жағдайға сәуірде өндіріс көлемін өзгеріссіз сақтау туралы ОПЕК+ шығарған күтпеген шешім жөніндегі жаңалықтар себеп болды. Сонымен қатар, Сауд Арабиясы өндірісті күніне 1 млн баррельге ерікті түрде қысқартуды сақтағысы келетін ниетін жеткізді, –дейді Н. Тұрсынхан.

ОПЕК+ мұнай картелінің министрлік кездесуі 4 наурыз күні, бейсенбіде өткенін естеріңізге сала кетейін. Бұған дейін кездесу қорытындысы бойынша, елдер өндіруді күніне 0,5 млн баррельге арттырады деп күтілген болатын.

Екінші жағынан, көптеген валюталарға қарсы АҚШ долларының нығаюы байқалды. ФРЖ жұмыспен қамту мен инфляцияда айтарлықтай ілгерілеуге дейін ынталандырушы монетарлық саясатты сақтауға міндеттеме бергенін мәлімдегенімен, Дж. Пауэлл өзінің Wall Street Journal-ға берген кешегі сұхбатында жыл басынан бері облигациялар кірістілігінің өсуіне аса көп алаңдаушылық білдірмеді. ФРЖ басшысының сұхбаты АҚШ МБҚ кірістілігінің өсуіне тағы бір серпін берді. 10 жылдық қазынашылық облигацияның кірістілігі 2020 жылғы ақпанның ортасынан бастап алғаш рет 1,57% деңгейіне жетті, бұл Emerging markets тартымдылығының төмендеуіне әсер етті.

ФРЖ басшысының мәлімдемесі АҚШ долларының әлемдік валюталарға, оның ішінде дамушы елдердің валюталарына қатысты нығаюына ықпал етті. Оңтүстік Африка ранды бейсенбі күні таңертеңнен бастап жұма аралығында 1,5%-ға, Бразилия реалы 0,9%-ға, Мексика песосы 0,8%-ға әлсіреді.

Теңгеге қысымның қосымша факторы – Ресей рублінің әлсіреуі болды, ол Bloomberg хабарламасы аясында АҚШ пен Ұлыбритания химиялық қаруды пайдаланғаны үшін Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізу мүмкіндігін талқылайтын дереккөздерге сілтеме жасай отырып, 0,7%-ға арзандады. АҚШ соңғы шара ретінде ЕО-мен бірге дербес борышқа санкциялар енгізу туралы мәселені қарастыратыны туралы хабарлады. РФ ОБ деректері бойынша, шетелдік инвесторлар жалпы нарықтың 23,4%-ын иелене отырып, федералдық борыштың рубльдегі облигацияларында 42,8 млрд доллар ұстайды.

Осы оқиғалар аясында 5 наурызда АҚШ долларының теңгеге қарсы биржалық сауда-саттығы бір доллар үшін 419,00 деңгейіне дейін аздап нығаюмен ашылды.

Түрлі бағыттағы сыртқы факторлардың әсерінен еркін өзгермелі айырбас саясаты аясында теңге бағамының серпіні сұраныс пен ұсыныстың әсерінен қалыптасуын жалғастырып келеді.

Өзгелердің жаңалығы