2025 жылы оңтүстік өңірлерінде су қоймаларындағы су көлемі айтарлықтай төмендеген. Бұл жауын-шашын тапшылығы, ауа температурасының жоғарылауы және егіс маусымының әдеттегіден ерте басталуымен байланысты болып отыр. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарының су тұтынуы маусымның басында-ақ 50%-ға артқан. Дегенмен, Су ресурстары және ирригация министрлігі жалпы жағдайды тұрақты және бақылауда деп бағалап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Климаттық өзгерістер қалай әсер етіп жатыр?
Су тапшылығы еліміздің оңтүстігінде байқалады. Соңғы жылдары жауын-шашын мөлшері азайып, орташа температураның көтерілуі егістікті суаруға жұмсалатын судың көлемін едәуір арттырған. Бұл өз кезегінде ирригациялық жүйеге қосымша жүктеме түсіріп отыр. Мұндай жағдайда су ресурстарын тиімді басқару азық-түлік қауіпсіздігінің маңызды факторына айналып келеді.
Министрліктің мәліметінше, су тапшылығына қарсы шаралар қабылданған. Яғни;
- түнгі және кезекпен суару кестелері енгізілген;
- Түркістан облысында 54 су ұңғымасы (Ордабасыда - 20, Сауранда - 34) және Сырдариядан су тартатын 4 насос станциясы жұмыс істеп тұр;
- коллекторлы-дренажды су кеңінен қолданылуда;
- "Қазсушар" мамандары өңірлерге жіберіліп, су жеткізуді үйлестіріп отыр.
Министрлік бұл шаралар климаттық қиындықтарға қарамастан егіс алқаптарына тұрақты суару жүргізуге мүмкіндік беріп отырғанын айтады.
Өңірлердегі жағдай
Алматы және Жетісу облыстарында вегетациялық кезең тәуекелсіз өтіп жатыр. Бұл каналдарды жөндеу мен нақты суару кестесінің арқасында жүзеге асырылып жатыр.
Жамбыл облысында да жағдай тұрақты. Шу және Талас өзендері арқылы 625 млн м³ су берілген. Бұл былтырғыдан (560 млн м³) жоғары.
Ең күрделі ахуал Түркістан мен Қызылорда облыстарында байқалуда. Мұнда егіс маусымы 20 күн ерте басталып, топырақтағы ылғал жеткіліксіз болған. Сол себепті суару кестесі күшейтіліп, қосымша көздер тартылды.
Жалпы су алу көлемі – шамамен 8 млрд м³
Бес оңтүстік өңір бойынша жалпы су алу көлемі 7,9 млрд м³-ке жеткен. Оның ішінде:
- Алматы облысы — 631,4 млн м³
- Жетісу облысы — 719,6 млн м³
- Жамбыл облысы — 761,7 млн м³
- Түркістан облысы — 3 011 млн м³
- Қызылорда облысы — 2 766 млн м³
Вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 2,2 млрд м³ су алу жоспарланып отыр.
Трансшекаралық келісімдер суды бөлісудегі маңызды құрал
Министрлік Қазақстанның көршілес елдермен бірге трансшекаралық өзендер бойынша тығыз жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Жамбыл облысында Шу және Талас өзендерінен су беру жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр.
Шардара су қоймасына су ағымы маусымаралық ағындар мен Өзбекстанмен арадағы келісімдер арқылы қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, Қырғызстанмен Уч-Курган СЭС-інен су жіберу көлемін арттыру бойынша келіссөздер жалғасуда. Маусым айының соңында тіркелген ағынның азаюы жойылып, «Достық» каналы арқылы су беру тұрақтандырылған.
Технология мен бақылау
Қазіргі таңда елдің оңтүстігінде 324 насос станциясы жұмыс істейді. Қызылорда облысында қосымша 53 насос сатып алынған.
"Қазсушар" мобильді топтары су арналары мен су қоймаларын тәулік бойы қадағалап, рұқсатсыз су алуды анықтаумен және кестеге сәйкес су берумен айналысып жатыр. Сонымен қатар, коллекторлық-дренаждық суды қайта пайдалану тәжірибесі кеңінен енгізіліп, бұл суды үнемдеп, экожүйеге түсетін қысымды азайтуға көмектесуде.
Біз жұмысты тәулік бойы үйлестіріп келеміз. Насос станцияларын қосу, түнгі суару және қосымша су көздерін тарту арқылы су тапшылығына жол бермей, тепе-теңдікті сақтап отырмыз, - дейді министрлік өкілдері.
Қазақстанның оңтүстігіндегі су тапшылығы агросектор үшін күрделі сын. Алайда кезектесіп және түнгі суару, қосымша көздерді тарту, бақылауды күшейту және халықаралық келісімдер аясында қабылданған шаралар жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр.