Оңтүстік кореялық Вусонг университетінің филиалы Түркістан қаласында ашылады

3 Сәуір 2024, 17:51
363
Бөлісу:
Оңтүстік кореялық Вусонг университетінің филиалы Түркістан қаласында ашылады
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары аясында Түркістан облысының әкімдігі мен басшылығы арасында Вусон университетінің филиалын ашу туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және  жоғары білім министрлігінің мәлімдеуінше, филиал Түркістан қаласында жоғары оқу орындарының бірінің базасында орналасады.

Түркістан облысының әкімдігі жатақхана және басқа да техникалық қолдау көрсетуге дайын.

Министр Саясат Нұрбек атап өткендей, филиал ашу туралы келісімге 2024 жылдың ақпан айының басында Вусон университеті делегациясының Қазақстанға сапары кезінде қол жеткізілді.

Біз келіссөздерден меморандумға қол қоюға тез көштік. Ғылым және жоғары білім министрлігі жыл сайын Корея университеттерімен байланысын нығайтып келеді. Өткен жылы Қызылорда қаласында СеулТех жасанды интеллект және информатика жоғары мектебін аштық. Сондай-ақ Қазақстанда KAIST әлемдік жетекші техникалық университетінің филиалын ашуды жоспарлап отырмыз, - деді ведомство басшысы.

Сапар барысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірқатар жоғары оқу орындарын аралады. Сонымен қатар, Саясат Нұрбек Jei университетінің ректорымен кездесті.

Тараптар осы университетте қазақстандық студенттерді оқыту мүмкіндіктерін қарастырып, жоғары білімді дамыту мәселелерін талқылады. Jei университеті IT, инженерия, дрон өндірісі саласындағы жетекші университет ретінде танымал.

Сонымен қатар, министр Сеул киберуниверситетінің инфрақұрылымымен және жұмыс тұжырымдамасымен танысты.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар университет ректорлары деңгейінде тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Өзгелердің жаңалығы