Оңтүстік Кореяда экс-президенттің әйелі 4 жылға сотталды 

Айыпталушы 2010-2012 жылдары Deutsch Motors компаниясының акция бағасын жасанды түрде өсіру схемасына қатысып, шамамен 810 млн вон көлемінде заңсыз пайда тапқан.

 koreatimes.co.kr Бүгiн 2026, 15:01
Бүгiн 2026, 15:01
147
Фото: koreatimes.co.kr

Сеулде апелляциялық сот бұрынғы Оңтүстік Кореяның бірінші ханымы болған Ким Кон Хиге қатысты үкімді қайта қарап, жаза мерзімін 20 айдан 4 жылға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі The Korea Times басылымына сілтеме жасап. 

Сеул жоғарғы соты тікелей эфирде өткен сот отырысында Ким Кон Хидің акция бағасын манипуляциялау схемасына ішінара қатысы бар екенін және қымбат сыйлықтар алғанын дәлелденді деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы 2010–2012 жылдары Deutsch Motors компаниясының акция бағасын жасанды түрде өсіру схемасына қатысып, шамамен 810 млн вон көлемінде заңсыз пайда тапқан. Бұл ретте ол инвестициялық кеңес беру компаниясына 2 млрд вон көлеміндегі брокерлік есепшотты ұсынып, сол арқылы 180 мың акцияны сатқан.

Сонымен қатар Ким Кон Хиге діни ұйым өкілінен Chanel брендінің екі сөмкесі мен Graff гауһар алқасын алғаны үшін айып тағылды. Апелляциялық сот бұл эпизод бойынша оның кінәсін ішінара растады.

Ал өзін ықпалды тұлға ретінде таныстырған делдалдан тегін сауалнама нәтижелерін алды деген айып бойынша сот ақтау үкімін өзгеріссіз қалдырды. Судьялар бұл деректер басқа тұлғаларға да берілгенін негізге алған.

Бұған дейін арнайы прокурор Мин Чжун Ги тобы Ким Кон Хиге 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Айыптау тарабы оны капитал нарығы туралы заңды, саяси қаржыландыру талаптарын және делдалдық үшін пара алу нормаларын бұзды деп айыптаған.

Сот үкіміне сәйкес, Ким Кон Хи 4 жылға бас бостандығынан айырылып, 50 млн вон көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар гауһар алқа тәркіленіп, шамамен 20 млн вон мемлекет пайдасына өндірілетін болды.

Наверх