Оңтүстік Корея 370 км/сағ жылдамдыққа жететін EMU-370 жоғары жылдамдықты пойызының негізгі технологияларын әзірлеуді аяқтады, деп хабарлайды BAQ.KZ Yonhap News басылымына сілтеме жасап.
Ұлттық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық (R&D) бағдарламасы аясында құрылған EMU-370 техникасы 407 км/сағ жылдамдыққа дейін жетуге қабілетті. Алдағы жылы алғашқы вагондар өндіріледі, сынақ эксплуатациясы 2030 жылы басталады, ал коммерциялық пайдалану 2031 жылдан кейін жоспарланған.
Коммерциялық іске қосылған кезде EMU-370 әлемде Қытайдың CR450 пойызынан кейінгі екінші жылдамдыққа ие болады. Салыстыру үшін, Франция, Германия және Жапониядағы жүрдек пойыздар шамамен 320 км/сағ жылдамдықпен жүреді.
Жобаны 2022 жылдың сәуірінен 2025 жылдың желтоқсанына дейін Корея теміржол ғылыми-зерттеу институты жеті мемлекеттік және жеке ұйымның қатысуымен жүзеге асырды.