Оңтүстік Корея Таяу Шығыстағы соғысқа байланысты туындаған энергия тапшылығын жою үшін Қазақстанмен және бірқатар араб елдерімен ірі көлемде мұнай импорттау туралы келісімге келді, деп хабарлайды BAQ.KZ The Chosun Daily-ге сілтеме жасап.
Оңтүстік Корея президентінің арнайы өкілі Кан Хун Сиктің Орталық Азия мен Таяу Шығыс елдеріне жасаған сапарының қорытындысы жарияланды. Сеул энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанды негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырып отыр.
Келісім бойынша, Оңтүстік Корея жыл соңына дейін Қазақстаннан 18 миллион баррель шикі мұнай сатып алады.
Сапар барысында Қазақстан тарапы Оңтүстік Кореямен халықаралық ынтымақтастық және инвестиция жөніндегі арнайы өкіл тағайындағаны белгілі болды. Екі ел алдағы уақытта тек энергия ресурстары емес, сонымен қатар инералды ресурстарды игеру, қала құрылысы мен инфрақұрылым, өндірістік зауыттар салу жобалары бойынша серіктестікті күшейтуге келісті.
Оңтүстік Корея Қазақстанмен қатар Сауд Арабиясы, Оман және Катар елдерінен жалпы көлемі 273 миллион баррель мұнай жеткізуге уағдаласқан. Бұл елдің қалыпты жағдайдағы үш айлық тұтыну мұқтажын толық өтейді. Сондай-ақ, Кореяның мұнай химиясы саласына қажетті 4 миллион тонна нафта сатып алынатын болды.
Таяу Шығыстағы қарулы қақтығыстарға байланысты мұнай тасымалы дәстүрлі Ормуз бұғазын айналып өтетін қауіпсіз балама жолдар арқылы ұйымдастырылады. Бұл Оңтүстік Кореяның ішкі нарығындағы жанармай бағасы мен өндіріс тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік бермек.