Қазіргі Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізді. Бұл 1979 жылдан бері бірінші рет енгізіліп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ресми мәлімет бойынша, бұл әрекет "солтүстіккореялық коммунистік күштердің қаупінен қорғану үшін" жасалған.
Парламент ғимараты күштік құрылымдармен қоршалғанына қарамастан, депутаттар ішке кіріп, әскери жағдайды жоюға дауыс берді. Президент бұл шешіммен келісуге мәжбүр болды.
Елдегі саяси дағдарыс біраздан бері ушығып келе жатқан. Юн Сок Ёль өзінің саяси беделін жоғалтып, соңғы президенттік сайлауда әрең жеңіске жеткен еді. Ал оппозициялық партиялар парламентте ықпалын күшейтіп, президенттің заң жобаларын қайтарып отырды.
Оппозициялық Демократиялық партия басқа да шағын фракциялармен бірігіп, президентке импичмент жариялау туралы заң жобасын әзірледі. Құжат жақын арада парламентке енгізіліп, дауыс беру 7 желтоқсаннан кешіктірілмей өтуі тиіс.
Импичментті бастау үшін депутаттардың үштен екісінің қолдауы қажет. Қазіргі парламент құрамын ескерсек, бұған мүмкіндік өте жоғары. Мемлекетте оппозиция 300 орынның 192-сін иеленіп отырған.
Одан кейін шешімді Конституциялық сот қабылдайды.
Айта кетейік, бұған дейін Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль елде әскери режим енгізілгенін мәлімдеген болатын. Сол күні-ақ ел президенті әскери режимді алып тастайтынын айтты.
Қазақстанның Кореядағы елшілігі елдегі әскери төтенше жағдайға қатысты қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.