Оңтүстік Кореяның реттеуші органы Google мен Apple компанияларына қосымшаларды әзірлеушілердің төлем әдістерін таңдауына шектеу қойғаны үшін жалпы сомасы 63,7 миллиард вон (шамамен 47,6 миллион доллар) айыппұл салды. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Кореяның БАҚ және коммуникациялар жөніндегі комиссиясы Google компаниясына 42,9 миллиард вон, ал Apple-ге 20,81 миллиард вон айыппұл бекітті. Реттеуші екі компанияның да қосымшалар дүкендерінің қызметін реттейтін заң талаптарын бұзғанын анықтады.
Комиссияның мәліметінше, компаниялар нарықтағы үстем жағдайын пайдаланып, әзірлеушілерді өздерінің төлем жүйелерін қолдануға мәжбүрлеген әрі балама төлем қызметтеріне қолайсыз жағдай жасаған.
Реттеуші компаниялардан әзірлеушілерге балама төлем әдістерін ұсынуға мүмкіндік беруді, сыртқы төлем қызметтеріне сілтемелер орналастыруға рұқсат етуді және үшінші тарап жүйелерін пайдаланғаны үшін алынатын комиссияларды қайта қарауды талап етті.
Google реттеушінің шешімі компанияның төлем саясатына енгізілген соңғы өзгерістерді ескермегенін мәлімдеді. Ал Apple комиссия қорытындысымен келіспейтінін айтып, қолданыстағы өзгерістер Оңтүстік Корея заңнамасына сәйкес келеді деп санайтынын жеткізді.
Екі компания да тиісті нұсқауларды алғаннан кейін бір ай ішінде бұзушылықтарды жою жоспарын ұсынуға, ал талап етілген өзгерістерді үш ай ішінде орындауға міндетті.