Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Онлайн таныстық: Қызбен кездесуге барған жігіт бопсалаушылардың құрбаны болды

Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Ақмола облысы Щучинск қаласында полиция бопсалауға қатысқан күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Оқиға Щучинск қаласындағы Бурабай ауданында болған. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер ақшалай қаражат бопсалаған күдіктілер, ауданның екі тұрғынын анықтап, қолға түсірді. 

Полицейлердің айтуынша, жергілікті тұрғын интернетте қызбен танысып, кейін жалдамалы пәтерде кездесуге келіскен. Алайда, белгіленген жерге келген кезде ер адамды жаңа танысы емес, екі белгісіз тұлға күтіп отырған. 

Бопсалаушылар оның бұл әрекетін жария ету мен физикалық зорлық-зомбылық көрсетеміз деп қорқытып, жәбірленушіден 200 000 теңге талап еткен. Ақшаның бір бөлігін қаскөйлерге берген жәбірленуші полициядан көмек сұрады. Жедел іс-шаралар барысында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Өтініш берушінің берген қаражаты тәркіленді, деп хабарлады Ақмола облысының ПД баспасөз қызметі.

Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болған оқиғаның мән-жайларын, сондай-ақ ұсталғандардың осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Еске салайық, бұған дейін бұрынғы сүйіктісінің мазасын алған жігіттердің үстінен іс қозғалғаны туралы жазған едік. 

Өзгелердің жаңалығы