Онлайн-сабаққа дайынбыз ба?

30 Наурыз 2020, 23:59
2353
Бөлісу:
Онлайн-сабаққа дайынбыз ба?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқушыларға онлайн-сабақтар интернет ресурстар арқылы қолжетімді болады. Тағы "Балапан" және "Ел арна" телеарналарынан көрсетіледі.

"Хабар 24" арнасының мәліметіне қарағанда, қашықтықтан оқытуға Қазақстан дайын. 

COVID-19 індетінің таралуына байланысты оқушылар 4-тоқсанда онлайн оқи бастайды. Мұндай жүйеге қазір әлем бойынша 1 млрд 200 млн оқушы көшпек. Қазір қазақстандық қорда қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 40 мыңдай электронды сабақ бар. 

Қазақстанға ғана қатысты емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе болып тұр. Үйден оқуға мәжбүр. Сондықтан осындай жағдайда төртінші тоқсан басталар алдында, танысуы тиіс 2 мыңдай тақырыпқа сабақтар түсіріліп жатыр, олар телеарналарда көрсетіледі, - дейді компания директоры Рауан Кенжеханұлы.

Қазір сабақтар 10 шақты студияда түсіріліп жатыр. Ұстаздардың дайындығына байланысты шамамен 60-65 сабақ дайындауға мүмкіндік бар. 

Кішкене қобалжу болды. Қазір үйреніп қалдық. Еркіндік бар. Көп дайындық үстіндеміз. Нақты, тиянақты тапсырма беріп, сабақты қызықты ету керек, - дейді бастауыш сынып мұғалімі Гүлнәр Ибраева.  

10 минут онлайн-сабақты түсіруге шамамен 1,5 сағат уақыт кетеді. Білім және ғылым министрлігі оқу жоспарына байланысты сабақтар түгел оқытылуы тиіс дейді. Қазақстандық оқушылар үшін теле-сабақтар қазақ тілінде "Балапан" телеарнасы арқылы, ал орыс тілінде "Ел арнаның" эфирінен көрсетіледі. 

6 сәуірден бастап таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 5-ке дейін аптасына 5 күн, дүйсенбіден жұмаға дейін, 1 және 11-сынып аралығындағы оқушыларға сабақтар жүре бастайды - дейді "El Arna" телеарнасының директоры Арман Сеитмамыт. 

Эфирден өтетін пәндердің тізімін білім және ғылым министрлігі әзірлеп жатыр. Ал оқушылар төртінші тоқсанды үйде отырып оқи ма, әлде мектепке бара ма, ол жағы белгісіз.

Өзгелердің жаңалығы