Астана, BAQ.KZ. Түркия Республикасы Түрік Тіл Қауымдастығының (Türk Dil Kurumu) жетекшісі Гүрер Гүлсевиннің онлайн-семинары өтті. Бұл туралы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шараға Ресей Федерациясы, Саха (Жақұт) Республикасы Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Гуманитарлық зерттеулер мен Солтүстіктің аз халықтары мәселелерін зерттеу институты, Түркі әлемінің орталығы – Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ТҮРКСОЙ кафедрасының ғалымдары қатысты.
Онлайн-семинарда: еліміздің латын әліпбиіне көшу мәселесі, түркі халықтарының ортақ жазуы, тіл мен ұлт байланысы жайында сөз қозғалды.
«Біз, бірнеше тарихи кезеңді бастан кешірген түркі халықтары, тіліміз бен мәдениетіміздегі ерекшеліктерімізді сақтай отырып, рухани және мәдени тұрғыдан түркі ұлысының бірігуі жолдарын қарастыруымыз керек… Түркі халықтарының тілі мен әдебиетін зерттеу саласында 80 жылдан астам уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан Түрік Тіл Қауымдастығы ортақ мол жазба мұрамызды жинақтап келеді»,- деді Гүрер Гүлсевин.
Әр ғылыми мекеме атынан түрколог әрі тілтанушы зерттеушілер өз пікірлерімен бөлісті. Олардың ішінде сахалық білімпаздарды бастаған академик, доктор, профессор Петр Слепцов, Ясауи университетінің ғалымдары Ержан Петек, Сердар Дағыстан, Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек, профессор Әлімхан Жүнісбек, профессор Асқар Жұбанов, әл-Фараби университеті атынан ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі Төреәлі Қыдыр және т.б. пікір білдірді.
ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары шеңберінде өтіп жатқан осындай іс-шаралар ұлт мәдениетін, тіл тарихын жаңадан тануға, тың зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берері сөзсіз.