Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Сенат отырысында Үкіметтің және Есеп комитетінің 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды. Талқылау барысында сенаторлар көптеген маңызды мәселеге назар аударды.
Бұл туралы Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жазды.
Депутаттар тарапынан бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтылды. Оның бәрі ел дамуындағы жаңа талаптардан туындап отыр. Жалпы, еліміз жаңа, әділетті Қазақстан құруға бет бұрған қазіргі кезеңде мемлекет қаржысын жұмсаудың және республикалық бюджетті атқарудың тиімділігін арттыру аса маңызды. Бұл жаңғыру жолындағы негізгі міндеттердің бірі екені сөзсіз. Сондықтан осы бағытта жаңа талаптар мен тәсілдер, ұстанымдар мен қағидалар қажет - дейді Мәулен Әшімбаев.
Қазіргі таңда еліміздің алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – өңірлердің дамуын жаңа деңгейге көтеру.
Осы орайда облыстарда инфрақұрылымды жетілдіру, коммуникацияларды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу, тұрақты жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуге тиіс. Конституциялық реформаға сәйкес Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын негізгі институт ретінде белгіленді. Соған байланысты бүгін сенаторлар бұл бағыттағы бірқатар өзекті мәселеге тоқталып өтті. Алдағы уақытта өңірлерді өркендету үшін Үкіметпен бірлесіп, ауқымды жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі есептер 2021 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлері орындалғанын көрсетіп берді. Осы ретте Үкіметтің белсенді жұмысын атап өткен жөн. Есеп комитеті де бюджеттің атқарылуын жан-жақты әрі сапалы талдап, маңызды ұсынымдар жасады. Алдағы уақытта Мемлекет басшысы ұсынған кешенді реформаларды іске асыру үшін бәріміз жұдырықтай жұмылып, нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін - дейді Сенат спикері.