Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінде республика көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтерді 41 дағдарыс орталығы көрсетеді. Оның 14-і – мемлекеттік, 27-сі – мемлекеттік емес. Олар негізінен еліміздің 18 өңірінде жұмыс істейді. Жаңадан құрылған Алматы және Абай облыстарында әзірше мұндай орталықтар жоқ. Сондықтан бұл өңірлерде оларды құру жұмыстарын алып бару қажет, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, биылдан бастап орталықтарды қамтамасыз ету жергілікті бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
Бөлінген қаражат көлемі шамамен 1,4 млрд теңгені құрады. Мұндай орталықтарда зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметті 6 айға дейінгі мерзімде тәулік бойы немесе тәулігіне алты сағатқа күндізгі уақытта көрсету қарастырылған. Есепті кезеңде орталықтар 3 мың 975 адамды қамтыды. Оның ішінде: 3055 адам медициналық көмек алды. 277 адам жұмысқа орналастырылды. 350 бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналастырылды. 528 адам құжаттарын алды. 764 адам отбасылармен қайта қауышты, - деді Тамара Дүйсенова.