Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

16 Қыркүйек 2022, 20:24
2251
Бөлісу:
Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу
PHOTO

Бүгін еліміз бойынша «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтіп жатыр. BAQ.KZ ақпарат агенттігі өңірлерде өтіп жатқан акциядан жалпы шолу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Акцияны ұйымдастырушылар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары екенін айта кеткен жөн.

«Халық заңгері» акциясын өткізу дәстүрге айналды және қарапайым қазақстандықтар алғысын білдіруде. 2016-2019 жылдар аралығында акцияға 7000-нан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзіретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 100 000-нан астам азамат кеңес алды.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Қостанайда 

Акция Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтында өтіп жатыр.

Тобыл өңірінде кешкі сағат 16:00-де басталған жалпыреспубликалық акциясыға қазірдің өзінде үш жүзден астам адам келіп, өздерін мазалап жүрген сауалдарына жауап алып үлгерген.

Акцияның мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң жөнінен көмек көрсету. Кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден тегін қажетті кеңес ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және бар, - дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының өкілі Евгений Бедыч.

Карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде «Халық заңгерін» өткізу тоқтатылды. 2022 жылы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты осы әлеуметтік маңызы бар іс-шараны қайта бастау туралы шешім қабылданды.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Шымкентте

«Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы М.Әуезов атындағы ОҚУ-де өтіп жатыр. Бұл акцияның мақсаты — халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету. Акцияға белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және т.б. сала өкілдері қолдау білдірді.

Акцияда волонтерлар тұрғындарды сұрақтарына байланысты қажетті мамандарға бағыттап отырды.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Павлодарда 

Сала мамандарының айтуынша, шараны өткізудегі мақсат – халыққа ақысыз сапалы заңгерлік көмек көрсету, сонымен қатар, кеңес бері. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық филиалының өкілі Назымбек Бекжановтың айтуынша, акция – дәстүрге айналған шара. 

Осы тектес акцияға ұқсас шаралар әлемде кездеспейді деуге болады. Шараның тағы бір ерекшелігі, еліміздің қалаларында бір уақытта өтеді. Бұған халық үйреніп алғандай. Келіп, сұрақтары бойынша тұшымды жауап алады. Сонымен қатар, бір уақытта бірнеше сала бойынша кеңес ала алады. Білім беру, медицина, құқық салаларының мамандарына жүгіне алады. Бұл – жақсы үрдіс, - дейді Назымбек Бекжанов.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Атырауда

Жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясы Атырау облысында да өтті. Іс-шара аясында тәжірибелі мамандардан 100-ге жуық адам тегін кеңес алды.

«Baizaar» сауда ойын-сауық орталығында өткен шараның басты мақсаты- жергілікті жұрттың құқықтық сауаттылығын арттыру. 

Тұрғындардың арасында салық берешегін қайда төлеуге болатынын білмейтіндер де бар. Артық төлемге берген қаржыны қайтарып алғысы келетіндер де жиі кездеседі. Бүгінгі акцияда дәл сол бағыттағы сұрақтар бойынша жауап бердік. Келушілер шетелдік көліктерге қатысты да актуалды әрі маңызды бірқатар сауалдарына жауап алды. Мұндай акцияның халыққа тиімді тұстады көп,- дейді Облыстық кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Нұрболат Сарманов.

Тегін заңгерлік кеңес ұсынғандар арасында білікті адвокаттар, нотариус өкілдері, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары мен мемлекеттік орган басшылары болды.

Біздің елде автокөлік бағасы тым қымбат. Сол себепті Грузиядан теміртұлпар әкелгім келеді. Өтіп жатқан акцияда сол бойынша қандай жеңілдіктер қарастырылған, көлікті қалай заңдастыруға болады деген өзіме қажет сұрақтарға жауап алдым. Күнделікті әр заңгерге, нотариусқа, прокурорларға барып жүгінуге уақытымыз бола бермейді. Қоғамдық орындарда өткізілетін мұндай акциялар қарапайым халыққа өте тиімді,- дейді қала тұрғыны Қанат Елеуов. 

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

СҚО-да

Петропавл тұрғындары «Халық заңгері» акциясы аясында білікті мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды. Сауда орталықтарының бірінде ұйымдастырылған шараға қатысу үшін жүздеген адам келді. Мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, тегін жәрдем жасау. Петропавлда 31 сарапшы көпшіліктің сауалдарына жауап берді. 

Бүгін «Халық заңгері» акциясы аясында білікті заңгердің кеңесін алдым. Маман сұрақтарыма жауап беріп, мәселемді шешу үшін қалай әрекет жасау керектігін айтты. Осындай акциялар жиі болып тұрса дейміз. Ғимарат толы халық – бұндай шараға сұраныс барының дәлелі. Бастысы тегін. Қазір жақсы маманның қыбалдауына жазылу арзан емес екенін білемін. Акцияға келушілер бірақ қаражатын үнемдеді деп ойлаймын, - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Иван Новиков.

Акцияға ерікті студенттер де қатысты. Олар көпшілікке көмек көрсетіп қана қоймай, заң саласының болашақ мамандары ретінде тәжірибе алды

Шараға қатысып отырған 21 сарапшының 8-і адвокат. Олар түрлі бағыт бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар полиция, мемлекеттік кірістер департаменттерінің өкілдері шақырылды. Шараға келген азаматтардың сауалы жауапсыз қалған жоқ, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігінің СҚО бойынша департамент басшысы Сергей Перов. 

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Ақтөбеде

Акцияға облыстағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, белгілі заңгерлер мен қорғаушылар қатысып, облыс тұрғындарына құқықтық мәселелер мен даулар бойынша тегін көмек көрсетіп жатыр.

Бүгін еліміздің барлық өңірінде “Халық заңгері” республикалық акциясы өтіп жатыр. Бұл акцияның басты мақсаты - халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң тұрғысынан тегін көмек көрсету.  Бүгін ақтөбеліктер “Халық кеңсесінде” тегін қызмет алып, өздерін толғандырған сауалдарына жауап алуда. Бір сағат ішінде 60-тан астам адамға 40-қа жуық заңгер мен қорғаушы әкімшілік және қылмыстық істер, банк қызметі, кепілдендіру, сондай-ақ жұмысқа орналастыру, басқа да бағыттар бойынша тегін кеңес берді,-дейді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасының бас маманы Лаура Алданиязова.

Оның айтуынша, акция әлі де жалғасып жатыр. Тұрғындар жан-жақты сауалдарына жауап берген заңгерлерге ризашылықтарын білдіруде.

“Халық заңгері” жалпыреспубликалық акциясы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, мемлекеттік органдар мен белгілі заңгерлердің қолдауымен өтіп жатыр. Дәстүрлі шара бұған дейін 2016-2019 жылдар аралығында өткізілген болатын. Осы жылдар ішінде акцияға еліміз бойынша 7000-нан астам үздік сарапшы мен мемлекеттік органдардың өкілі қатысқан. Нәтижесінде жүз мыңнан астам адам құқықтық көмек алды. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты бұл акция тоқтатылған. Міне, биыл акция қайта жалғасын тауып отыр,-дейді Лаура Алданиязова.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Түркістан облысында

Түскі сағат 16:00-де басталған жалпыреспубликалық науқанға жергілікті тұрғындар үздіксіз келіп, өздерін мазалап жүрген сауалдарына нақты жауаптар ала алды. 

Аталған акцияның мақсаты – жұртшылықтың құқықтық сауатын арттыруға атсалысу және тегін заң жөнінен көмек көрсету. Аймақтың әрбір тұрғыны ең үздік заң өкілдерінен өздеріне керекті тегін кеңестерді алып қайтуға мүмкіндік берген акцияға дән риза екенін айта кеткен жөн.   

Акция аясында Түркістан қаласының тұрғындарына тегін кеңес беруге алты адвокат, бір нотариус, бір тергеуші, бір сот орындаушы мен 25 мемлекеттік орган өкілдері тартылды. 

Бұған дейін аталған акция  жыл сайын өткізіліп тұратын, алайда пандемияның салдарынан тоқтатылған болатын. Бүгінгі өткен акцияға жергілікті тұрғындардан елуге жуық азамат келіп қатысып, заңгерлік кеңес алды, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Жамбыл облысында

Акцияға Жамбыл облысы әкімдігінің басқарма басшылары, қала әкімдігінің бөлім басшылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Әділет департаменті, прокурор, нотариустар, сот орындаушылары, заңгер және адвокаттар келіп, тұрғындарға тегін кеңес берді.

Мәселен, қала әкімдігінің жер қатынастары бөліміне жер дауымен қайрылған тұрғындардың бірі көршісімен екі соттық жерді бөлісе алмаса, Кенен Әзірбаев көшесі, 199 үйдің тұрғыны Сәуле Амандосова көшенің қақ ортасындағы жердің жекенің меншігіне өтіп кеткеніне наразылығын білдірді. 

Сол секілді «Отбасы банкінің» облыстағы филиалының басшысы Нұрлан Сұлтанов кеңес сұрап келгендерге әуелі «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» сынды пайздық үстемақысы төмен мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын түсіндірді. Акцияға кеңес алуға арнайы келген егде жастағы ана Жеңіскүл Тоқметова несие аларда айлакерге ұрынып, енді әділдік іздеп жүргенін айтты.  

Несие аламын деп жүріп, алаяққа ұрынатынымды кім білген? Кейін, әділдік іздеп, алаяқты сотқа бергенімде көп ұзамай іс тоқтатылды. Менің мойнымда 2,5 миллион теңге несие бар. Мұндағы қателігім, несие шартына өзім қол қойып, камераға өзімнің түскендігімде. Акцияға келіп, тиісті органның басшылығынан құқықтық көмек алдым. Енді жеке адвокат жалдауым қажет, – деді ана, көзіне жас алып. 

Құқықтық көмек алуға келген тұрғындардың арасында 20 жылға жуық еңбек өтілі бар зейнеткер Сатыбалды Жентаев өзіне тиісті зейнатақығы қолы жетпей жүргенін айтты. Енді еңбек кітапшасын жоғалтқан қарияның өтініші Прокуратура мен жергілікті әкімдіктің назарында. Осы күні кеңес беруге келген мамандар жеке мәселесін айтып, көмек сұраған әрбір тұрғынның мекенжайы мен байланыс нөмірін тіркеп, шиеленіскен мәселелерді түбегейлі шешуге ден қойып отырғанын байқатты. 

«Халық заңгері» акциясының тағы бір тиімді тұсы, іс-шараға құқық қорғау органдары мен мекеме басшыларының қатысуында. Өйткені, кәнігі күндері тиісті мекемелер мен құқық қорғау органдарының мамандарынан кеңес алатын тұрғындар осы жолы, кезек күтпей, көкейдегі сұрағын басшыларға төте қойды. Себебі акцияның әуелгі мақсаты да ел арасындағы әлеуметтік шиеліністі жедел шешіп, заң аясында кеңес беру арқылы халықтың құқықтың сауаттылығын арттыру болған. 

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

ШҚО-да

«Халық заңгері» акциясы Өскеменде С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің бас ғимаратында өтті.

Бұл республикалық акцияның берері мол, заңгерлік көмек әдетте қымбат болады, мұнда тұрғындар заңнамалық кеңесті тегін алуда. Заңгерлермен қатар, адвокаттар, мемлекеттік орган башылары да азаматтарды қабылдап жатыр. Осы жерде-ақ шешімі табылып жатқан түйткілдер де бар. Дәстүрлі акция арқасында қала тұрғындарының құқықтық сауаттылығы артып келеді. Әр азамат өздерінің құқығы мен міндеттерін толық білуі керек қазіргі заманда. Аманжолов университетінің басшылығына алаң ұсынғаны үшін алғыс білдіреміз, – деді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аға офицері Гүлнұр Бекпаева.

Заң көмегін мамандардан алу үшін бүгін қала тұрғындары көп келді. Олар өз мәселелерін шешуге ықпал жасаған акцияның ұйымдастырушыларына ризалықтарын білдіреді.

Осы акция туралы газеттен оқып білдім, мұнда алғаш рет келіп тұрмын. Мұндағы мамандар мәселемді шешуге көмектеседі деп үміттенемін, – дейді өскемендік тұрғын Надежда Третьякова.

Акцияға Шығыс Қазақстан университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша оқитын студенттері де белсенді атсалысты. Болашақ заң қызметкерлері мұндай іс-шараны ұйымдастыруға көмектесу арқылы құнды тәжірибе жинағандарын айтады.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Ақмола облысында

Акция аясында кез-келген адам аймақтың заң қауымдастығының үздік өкілдерінен қажетті кеңесті тегін ала алды.

«Параграф» ақпараттың жүйесінің қызметкері Әлішер Айтжан ұйымдастырылып отырған шараны маңыздылығын атап өтті.

Еліміздің 18 қаласында өтіп жатқан бірегей іс-шараның мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, тегін заңгерлік көмек беру. Бұған дейін алдын-ала барлық ақпарат құралдары арқылы хабарландыру жасадық.  Нотариустар, заңгерлер, білікті мамандар азаматтардың кез-келген сұрақтарына жауап беретін болады. Біздің ақпараттық жүйе жеке және заңды тұлғалармен жұмыс істейді. Сайтымыз бен ақпараттық платформа арқылы кез-келген азамат өзін толғандырған мәселемен шыға алады. Портал негізінен бухгалтерлік, заңгерлік, ТМД елдерінің заңнамаларына мамандандырылған», - дейді Әлішер Айтжан. 

Халыққа тегін жоғары білікті заң көмегін көрсету үшін түрлі салалардан 40-тан астам кәсіби заңгерлер тартылды.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

Қызылордада

Бүгін Қызылорда қаласында Ғ.Мұратбаев көшесінің бойында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығында "Халық заңгері" жалпыреспубликалық акциясы ұйымдастырылды.

Іс-шараға өңіріміздегі жергілікті атқарушы органдардан, орталық атқарушы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары өкілдерінен және жеке нотариустар, сот орындаушылар, заңгерлер мен адвокаттардан құралған 40-тан астам кеңесші маман қатысты. Олар 60-қа жуық облыс тұрғынына туындаған мәселелері бойынша тиісті кеңестер берді.

Акцияға келген қала тұрғындарының көпшілігі денсаулық, әлеуметтік және жер саласы мамандарының көмегіне жүгінді.

Өңірлерде өтіп жатқан «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясына шолу

БҚО-да

Оралда ҚазИИТУ ғимаратында өткізілген «Халық заңгері» акциясында 200-ден астам тұрғын қабылдауға келді.

Оралда өткен республикалық акцияға мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, прокуратура, заңгерлер, адвокаттар - барлығы 53 астам маман келіп кеңес берді. Тұрғындар акция жайлы БАҚ-тан, әлеуметтік желілерден естіп келген. Қабылдауға келген батысқазақстандықтар құқықтық көмек алды, - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Біржан Хайруллин.

Ақпаратты дайындауға BAQ.KZ ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшілері ат салысты

Өзгелердің жаңалығы