Өңірлерде ерлік сабақтары өтіп жатыр

1 Қазан 2022, 02:46
1166
Бөлісу:
Өңірлерде ерлік сабақтары өтіп жатыр

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігінің өкілдері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында болып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жұмыс тобының өңірлерге сапары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаһандық қауіп-қатерлер мен ішкі саяси үрдістерді ескере отырып, әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға арналып отыр.

Шара барысында Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің өкілдері жергілікті атқарушы органдармен, білім беру мекемелерінің басшыларымен, әскери-патриоттық клубтардың төрағаларымен және тәрбиеленушілерімен кездесті. Сонымен қатар, қала, аудан мектептерінің жоғары сынып оқушыларына ерлік сабақтарын өткізді. 

Идеологиялық жұмыстар басқармасының офицері подполковник Дәулет Бейсеков Қостанай, Лисаков, Рудный, Петропавл, Павлодар және басқа да қалалар мен елдімекендердегі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілерімен кездесіп, Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындары туралы кеңірек түсінік берді. Ол оқушыларға оқуға түсу тәртібі, сондай-ақ білім беру жүйесіндегі мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін көзделген жеңілдіктер жайында айтып берді. 

Бұдан өзге, Қорғаныс министрлігіне білім беру мекемелерімен өзара іс-қимылдың қажеттілігін атап өтті. Офицердің айтуынша, жастардың бойында рухани-патриоттық сезім мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру барлық мемлекеттік органдардың, отбасы мен қоғамдық жастар ұйымдарының да міндеті болып қала бермек. 

– Жастардың Отан қорғаушы болуға деген ұмтылысын қалыптастырудағы армияның шешуші рөлін қанша асыра айтсақ та, оларды патриотизмге бүкіл азаматтық қоғам болып тәрбиелеуіміз керек. Сол арқылы әскерге өзінің дүниетанымы қалыптасқан жастар келеді, – деп атап өтті подполковник Дәулет Бейсеков.

Мектептердің басшылығы мен олардың тәрбиеленушілері соғыс батырларының есімдерін есте сақтау ісіндегі жетістіктерін ортаға салды. Қостанайдағы № 5 орта мектеп директоры аты аңызға айналған Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына арналған мемориалдық кабинет-музейге экскурсия жүргізді. Мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары өз қолдарымен жасаған ашық аспан астындағы әскери техника макеттерінің мұражайын тамашалады. 

Бұдан өзге, өңірлердегі ардагерлер ұйымдарының басшыларымен кездесулер өткізіліп, онда жауынгер-интернационалистерді жастардың әскери-патриоттық тәрбие жұмысына тарту мәселелері талқыланды. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттеріне, басқармалары мен бөлімдеріне тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыруда әдістемелік көмек көрсетілді. Жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамына Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауы түсіндірілді.

Өзгелердің жаңалығы