Өңірге жіберілген мұғалім қанша жалақы алады?

20 Сәуір 2022, 11:43
2016
Бөлісу:
Өңірге жіберілген мұғалім қанша жалақы алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өңірлерге тартылатын үздік мұғалімдерге жасалатын жағдай туралы айтып берді. Сөзінше, мемлекет үздік педагогтерге екі есе жалақы төлеп, тұрғын үй жалдау ақысы мен коммуналдық шығынды өтеп береді.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Жәмилә Нұрманбетова осы мәселеге қатысты министрге сұрақ қойған болатын. 

Бұл бағдарлама (үздік мұғалімдерді өңірлерге тарту – ред.) биыл қыркүйек айынан басталады. Оған қарастырылған 3,9 млрд теңге мұғалімдердің екі есе жалақы алуы және тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды төлеуге бөлініп отыр. Неге бұл мәселені тек жалақы аясында ғана қарастырып отырмыз? Өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығын төлемдерін тек жергілікті бюджеттен бере аламыз, - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр жергілікті бюджетке ауырлық түсірмеу және заңнаманы бұзбау мақсатында оны жалақы арқылы шешіп отырғанын айтты.

Мысалы, Мұнайлы ауданына көшіп баратын мұғалім қыркүйек айында жалақы алатын болса, онда оның айлығы 790 мың теңгеге жуық болады. Осы 790 мың теңгенің 140 мың теңгеге жуығы коммуналдық шығындарға төленеді. 650 мыңға жуығы мұғалімнің қолға алатын жалақысы. Министрліктің бұйрықтары мен мұғалімнің қолына алатын түбіртегінде осы мәселе жазылады, – дейді бас ұстаз.

Айтуынша, әлеуметтік пакетте тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындар, екі есе жалақы алу қарастырылған. 

Аймағамбетов өңірлерге мұғалімдер қандай талаптарға сәйкес іріктелетінін түсіндірді.

Ең басты критерий – мұғалімнің біліктілігі шебер немесе зерттеуші болу керек. Сондай-ақ ол арнайы іріктеу емтихандарынан міндетті түрде өтуі тиіс. Егер осындай білікті мұғалімдер бағдарламаға қатысып, емтиханнан өтетін болса, онда олар өңірлерге көшіп барып, өздеріне тиесілі жалақыны ала алады. Екіншіден, магистратураны бітірген, арнайы жоғары GPA бар мамандар тартылады. Олар да тиісті емтиханды тапсырады, - деп жауап берді Білім және ғылым министрі.

Өзгелердің жаңалығы