Өңірдегі түрлі проблемалар жедел шешілуі тиіс – Жақсылықов

23 Ақпан 2022, 13:35
1743
Бөлісу:
Өңірдегі түрлі проблемалар жедел шешілуі тиіс  – Жақсылықов

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенаты депутаттарының өңірге жасаған сапары барысында түрлі деңгейдегі әкімдер аудандық, қалалық және ауылдық округтердің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселесіне қатысты өздерінің ұсыныстарын жеткізді. 

Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов жергілікті жердегі мемлекеттік сатып алу, салық, әлеуметтік азық-түлік бағаларын бақылау, коммуналдық қызметтердің жұмысы, қатты тұрмыстық қалдық полигондарының құрылысына қатысты пікір білдірді.

– Бүгінгі таңда барлық деңгейде көтерілетін ең өткір проблемалардың бірі – мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдеріне қатысты болып отыр. Заң орындаушылар үшін қандай кедергілер бар?

– Ашықтықты, тең жағдайларды, адал бәсекелестікті, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын, кейде жылына бірнеше рет  «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына және тиісінше «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына» өзгерістер енгізіледі. Сонымен қатар демалыс және мереке күндерін ескере отырып, бір конкурс өткізуге екі ай уақыт кетеді. Көбінесе конкурс аяқталғаннан кейін оның қатысушылары сотқа шағымданады. Бұл оның мерзімін кемінде екі есе ұзартады. Ал адамдарға мемлекеттік қызметкерлер бөлінген қаражатты жедел пайдалана алмайтындай әсер қалдырады. 2020 жылы арнайы тәртіп бойынша конкурстар өткізу жергілікті атқарушы органдардың тезірек және тиімдірек жұмыс істей алатынын көрсетті. Сондықтан «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға және «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына» өтінімдерді қабылдау және қарау мерзімдерін қысқарту, қорытындыларды жариялау, камералдық бақылауды жүргізу мерзімдері және т. б. туралы өзгерістер енгізу қажет. Өтінімдерді қабылдау мерзімдерін 15 күннен 5 күнге дейін және өтінімдерді қарау мерзімдерін 10 жұмыс күнінен 5 күнге дейін қысқарту ашық конкурсты өткізу мерзімін 43 күннен 28 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, біздің ойымызша, жекелеген, шұғыл жұмыс түрлері үшін арнайы тәртіп бойынша конкурстар өткізуді енгізу қажет. Бұл техногендік апаттардың салдарынан су құбырларын, жылу трассаларын, газ құбырларын, мектептерді, балабақшаларды, ауруханаларды, жолдарды, көпірлерді жөндеуге қатысты болып отыр. Осы ретте Зеренді ауданының әкімдігі облыс әкімдігі мен  Парламент Мәжілісіне ұсыныс жіберілді.

– Коммуналдық қызметтердің жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Бірқатар объективті және субъективті себептер бойынша коммуналдық қызметтердің жұмысы барлық жерде нашар ұйымдастырылған. Бұл тұрғындардың наразылығын тудыратыны сөзсіз. Барлық коммуналдық қызметті мемлекеттік мекемелерге немесе бюджеттен толық қаржыландырылатын коммуналдық мемлекеттік мекемелерге ауыстыру қажет деп санаймыз. Ал бюджеттік жүктемені аймақтарға бөлу коэффициенттерін қолдана отырып, мүлік салығы көлемін ұлғайту арқылы толтыру қажет. Бұл жағдайда ауыл тұрғындары ай сайын жылу, су, қоқыс шығару, септиктерді тазарту және т.б. үшін төлемейді. Бірақ жыл сайын мүлік салығын төлейді. Қалай болғанда да, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық қызметтерді ұйымдастыру кезінде елеулі шығыстарды көтереді, олардың электр энергиясы үшін қарыздарын жабады. Бұл ретте аудан әкімдіктері оларға қаржылық қолдау көрсету үшін әкімшілік заң бұзушылықтарға жол береді, соның салдарынан лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Бұл шығындарды заңдастырған дұрыс.

– Жобаларды, сараптамаларды әзірлеу рәсімінің ұзақтығы ауылдық жерлерде қатты тұрмыстық қалдық полигондарының жұмысын жедел заңдастыруға және ұйымдастыруға мүмкіндік бермей келеді. Нәтижесінде қоршаған ортаға зиян келтіретін көптеген стихиялық қоқыстар көбеюде. Бұл мәселе қалай шешілуі тиіс?

– Осыған байланысты бізде жергілікті атқарушы органдардың климаттық, ландшафтық және өзге де аймақтарға байланысты қолдануы үшін қатты тұрмыстық қалдық полигондары мен қалдықтарды уақытша сақтауға арналған алаңдардың бірқатар үлгілік жобаларын орталық деңгейде әзірлеу және бекіту бойынша ұсыныстар бар. Бұдан басқа, қайталама шикізатты қабылдау пункттерінің жұмысын жолға қою қажет. Тұрмыстық қатты қалдықтарды сақтау, кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша қызметтерді қалалық коммуналдық сала ұсынатын қызметтер тізіміне қосу ұсынылады.

– Зеренді ауданы облыстың туристік саласы дамуы тиіс өңірлерінің бірі. Бұл инвесторларды тарту үшін де тамаша мүмкіндік емес пе?

–Өкінішке қарай, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар бар өңірлерде жергілікті атқарушы органдардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым үшін жер учаскелерін бөлу жөніндегі өкілеттіктері шектеулі. Әлеуетті инвесторлардан жағалау аймағында және орман алқаптарына жақын заманауи туризм объектілерін құру бойынша коммерциялық ұсыныстар келіп түсуде. Алайда, жоғарыда аталған шектеулерге байланысты жергілікті әкімдіктердің салаға инвестиция тартуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан өз тарапымыздан аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарының ұлттық парктермен және орман шаруашылықтарымен келісім бойынша инженерлік инфрақұрылымды дамыту және туризм саласына жеке инвестицияларды тарту үшін жер учаскелерін ұзақ мерзімді жалға берудегі өкілеттіктерін кеңейтуді ұсынамыз.

–Сіздің ойыңызша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылауды қалай күшейтуге болады?

— ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында үнемі осыған назар аударады. Өмір сүру сапасын жақсарту – маңызды міндет. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшері асып кеткен кезде кәсіпкер заңға сәйкес жауапты болады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және әкімшілік жазалар қолдануға облыстың, республикалық маңызы бар қала, аудан әкімі мен оның орынбасарлары құқылы. Алайда, бүгінгі күні Үкімет деңгейінде құқықтық тетіктер бекітілмеген – әкімдер мен оның орынбасарлары үшін әкімшілік хаттамалар  және қаулылардың үлгілері жоқ. Осы мәселені реттеу кезінде азық-түлік нарығындағы бөлшек сауда бағаларын реттеу бойынша толық ауқымды жұмыс жүргізуге болады.

– Бюджеттің төртінші деңгейі туралы не айтасыз?

– Бүгінде бюджеттің төртінші деңгейіне салық түсімдерінің сегіз түрі берілді. Мысалы, Зеренді ауданының 22 ауылдық округінде жылына 235,5 млн теңге жиналады (орташа есеппен округке жылына 10,7 млн теңгеден). Бұл сома тіпті ауылдық округ әкімі аппаратын ұстауға, жалақыға, салықтарға, коммуналдық қызметтерге, кеңсе тауарларына, жанар жағар май сатып алуға және басқаларына жетпейді. Округтің автомобиль жолдарын ұстау және жөндеу, көшені жарықтандыру, су құбыры желілерін жөндеу және қызмет көрсету, елді мекендерді абаттандыру және т.б. шығын түрлеріне ауылдық округтердің әкімдіктері бұрынғысынша аудандық бюджеттен қаражат сұрауға мәжбүр.

Ауылдық округтердің өзін-өзі қамтамасыз етуін ұлғайту үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлік салығын ауылдық округтерге, тиісінше, шығыстардың кейбір функционалдық топтарын бере отырып беру туралы мәселені қарау қажет. Бұл материалдық-техникалық базаны нығайтуға, ауылдарды абаттандыру деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, ауылдық округтердің әкімдерін жеке инвестициялар тартуға ынталандырады. Сондай-ақ, мұнай секторын қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндіру салығын республикалық бюджеттен ауданға немесе 50% - ға беру туралы мәселе қаралуы қажет. Бұл әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу, қайта құру және салу шығындарын өз бетінше жоспарлауға, экономикалық жағдайын нығайтуға және ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті билік үшін жеке инвестицияларды тартуға түрткі болады. Мысалы, 2021 жылы Зеренді ауданынан салықтың осы түрі бойынша республикалық бюджетке 18,8 млрд теңге түсті. 

– Халықтың қауіпсіздігі үшін ауылдық округ әкімдерінің жауапкершілігін қалай күшейтуге болады?

– Ауылдық жерлерде заңнамалық деңгейде ауылдық округ әкімдері мен учаскелік инспекторлардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттілігі туындап отыр. Көбінесе, кадр тапшылығына байланысты бір учаскелік инспектор екі және одан да көп ауылдық округтерге қызмет көрсетеді, бұл азаматтардың олардың жұмысына наразылығын тудырмай қоймайды. Жергілікті жерлердегі мәселе жедел шешілуі тиіс. Аудандық ішкі істер бөлімінің жүктемесі мен тікелей бағыныстылығына байланысты учаскелік инспекторлар жергілікті атқарушы органдарға толық көлемде көмек көрсете алмайды. Осыған байланысты біз штаттық бірліктерді ішкі істер органдарынан жергілікті атқарушы органдарға бере отырып, АҚШ-тағы шерифтер қызметі қағидаты бойынша ауылдық округтер әкімдері аппараттары жанынан «округтік полиция қызметкері» қызметін құру туралы ұсыныс енгіздік. Бұл округтегі қауіпсіздік пен қылмыс деңгейі үшін ауыл әкімдерінің өкілеттілігін арттырып, жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді. Осы ретте олар жергілікті қоғамдастықпен келісім бойынша аудан әкімі немесе округ әкімінің ұсынуымен аудандық мәслихат депутаттары болып тағайындалуға, аудандық немесе ауылдық округ бюджеті қаражаты есебінен қаржыландырылу, учаскелік полиция инспекторлары, жол қауіпсіздігін ұйымдастыру, әкімшілік айыппұлдар салу және т.б. функцияларын орындауға тиіс. Қылмыстық істер анықталған жағдайда ішкі істер органдарына және прокуратураға жіберуі тиіс. Жоғарыда аталған және басқа да мәселелердің барлығы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмысына елеулі кедергі болып табылады. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қызметшілер қызметінің тиімділігін арттыру үшін орталық атқарушы және өкілетті органдарға ұсыныстар енгізу.

Өзгелердің жаңалығы