Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығыдеген ұйым аты айтып тұрғандай аймақтағы мәдениет, әдебиет, өнер саласындаығ жылт етке жаңалықты жария қыла жүріп, жаңа заманның өнер көгіне Жамбыл жұздыздарының атын жазу. Бүгін сұхбат кейіпкері – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев.
– Ғани мырза, айтыңызшы, бүтін бір облыстың мәдени саласындағы халық шығармашылығы орталығы қандай жұмыстар атқарады?
– Халық шығармашылығы орталығы жоспарға сәйкес және жоспардан тыс мәдени-көпшілік іс-шаралар, түрлі форматтағы мәдени жобаларды ұйымдастырып келеді.
Облыс бойынша 2023 жылы клуб мекемелерінің саны – 200. 2022 жылмен салыстырғанда 3 мәдениет нысандарына артты. Олар: Қордай (Қарасу), Меркі (Мыңқазан), Шу (Тасөткел).
Типтік ғимаратта орналасқан клуб мекемелер саны - 171. Ыңғайластырылған клуб мекемелерінің саны - 29.
Облыс бойынша бірқатар клуб ғимараттарында күрделі, ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, 14 клуб мекемесі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.
Облыс бойынша мәдениет үйі мен клубтарда клуб құрылымдарының (үйірме, ұжым) саны – 888, қатысушылар 11250. Оның ішінде 629 балалар үйірмесіне 8373 балалар қатысады. Халықтық, үлгілі атағы бар ұжымдар саны - 53, қатысушылар саны - 1647. 2022 салыстырғанда клуб құрылым саны – 61-ге, қатысушылар саны 1555- ке артып, балалар үйірмесі 168-ге, қатысушылар саны 3064-ке артып отыр.
– Өткен жылы аймақта біраз дүрілдеген шаралар легі болды. Соларға тоқталып өтсеңіз?
– Біздің орталық өңір шығармашылығының дамуына ауқымды үлес қосу бағытында облыстағы мәдениет үйі мен клубтардың қызметін зерделеу, талдау, үйлестіру, әуесқой көркемөнерпаздар ұжымдары мен үйірмелеріне әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсету жұмыстарын атқарып, сонымен қатар шалғай жатқан елді мекендерде өнерге бейім, тасада қалған тума таланттарды анықтау, таныту, қолдау көрсету мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде түрлі конкурстар, фестиваль, айтыс, мүшайра, көрме, тағы басқа байқауларды ұдайы өткізіп келеді. Осы орайда 2023 жылы атқарылған жұмыстардың жетістігіне де тоқталып өткенім жөн болар. Мәдениет үйі және ауылдық клубтар ауыл мәдениетінің өсіп өркендеуіне, болашақ ұрпақтың рухани өсуіне, таланттардың танылуына, тұрғындардың бос уақытын тиімді пайдалануына, халық шығармашылығы жанрларының дамуына ықпал ететін орта болып саналады. Осы ретте, өнер баспалдағын шағын үйірмеден бастап жоғарғы шығармашылық деңгейге жеткен өңірдегі барлық көркемөнерпаздар ұжымдары арасында музыкалық-аспапты және вокалды-хор жанрлары бойынша «Халықтық», (Үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалі өтті. Өнер ұжымдарына Ә.Желдібаев бастаған бірқатар өнер және мәдениет саласының өкілдері әділ-қазы болды. Өңірдің өнерлі, шығармашыл ұжымдарын тоғыстырған фестиваль үш күнге созылып, кең ауқымды іс-шараға өңірдің аудандары мен қаладан барлығы 35 ұжым атсалысты. Қатысушылар фестивальге зор жауапкершілікпен қарап, «Өнер көзі – халықта» атты фестиваль тақырыбын жан-жақты аша алды.
Өлкеміз Жамбыл атында болғаны үлкен мәртебе, зор жауапкершілік. Осы ретте орталықтың ұйымдастырумен абыздың туған күні құрметіне орай дәстүрлі түрде жыл сайын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысы өтіп келеді. Былтырғы айтыстың нәтижесінде бас жүлдені Жамбылдық Алина Айдаралы иеленді. I орынды Алматы облысынан келген Рүстем Қайыртай жеңіп алса, жүлделі II орынды Батыс Қазақстан облысының намысын қорғаған Жансая Мусина иеленді. III орынға Қызылордалық Нұрмат Мансұров қол жеткізген болатын.
Ауылды небір таланттардың түлеп ұшқан алтын бесігі деп білеміз. Ауыл жағдайы түзелсе, ең алдымен, елдің жағдайы жақсарғаны, ауыл мәдениеті өркен жайса, бүкіл қазақтың мәдениеті шарықтау үстінде деп түсінуге болады. Осыған орай, өнердің ортасына айналып отыруы тиіс қара шаңырақ – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтартардың бүгінгі жағдайына мән беріп, ауыл-аймақтардың өнерге деген ықыласын, ұлт мәдениетіне деген ілтипатын байқататын «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі-клуб – 2023» облыстық байқауы кестеге сәйкес әр аудандағы ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарын қамтыды.
Байқауда қазылар алқасы тек мәдени іс-шараларды ғана назарда ұстамай, байқауға қатысып отырған мекеменің эстетикалық талғамымен безендірілуі, материалдық-теxникалық базасының жағдайы, озық теxнологиямен жабдықталып, интернетке қосылуы, өткізілген мәдени іс-шаралар сценарийлері, жарнамалары, іс-шаралар сапасы мен тиісті жұмыстарын ой електерінен өткізіп, мұқият қадағалап, нәтижесінде үздіктері анықталып, арнайы жылдық қорытынды марапаттау рәсімінде жүлделері табысталды.
– «Мәдениет – асыл қазынам» атты жоба жайын айта кетіңізші. Осы жоба арқылы шалғай ауылдардың атағы шығып жатыр...
– Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеп, мерейін үстем ету мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен «Мәдениет – асыл қазынам» облыс аудандарының мәдениет күндері өтті. Өту ережесіне сәйкес аудандарда мәдениет нысандары ашылып, халық игілігіне берілді. Аудан ерекшелігіне орай ауылшаруашылық жәрмеңкесі, кәсіпкерлер тауарларының сатылымы, қолөнер, қылқалам шеберлері туындыларының көрмесі, ұлттық спорттық ойындар, әртүрлі этнос өкілдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Мәдениет күндерінің ашылуы театрландырылған көрініс, би композициясымен басталып, аудан көркемөнерпаздарының концертік бағдарламасына ұласты. Танымал эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. Аталған мәдени-көпшілік шараны арнайы құрылған сарапшылар мен қазылар алқасы бағалады.
Нәтижесінде үздік өнер көрсеткені үшін Меркі және Мойынқұм аудандары ІІІ орынға (1 комплект аппаратурадан) ие болса, ІІ орынға Қордай ауданы лайық деп табылды. Ал, Шу ауданы І орынды жеңіп алды. Қордай ауданына автокөлік, Шу ауданына шағын автобус берілді. Мәдениет күндерінің қорытындысымен қатар, «Халықтық» (үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының деңгейін анықтау, халық шығармашылығы жанрларын дамыту мақсатында өткен «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінің «Үздік би ұжымы», «Үздік хор ұжымы», «Үздік ән-би ансамблі», «Үздік аспаптық, фольклорлық ансамблі» номинацияларының және «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі, клуб-2023», «Ең үздік әдістемелік кабинет» облыстық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталып, қомақты қаржылай сыйлықтар табысталды. Қалған аудандарға ынталандыру жүлдесімен 5 дана домбырадан табыс етілді.
Еліміздің өнері мен шығармашылығын жүйелі қалыптастырып, өркендетуде негізгі буын балалардың дарындылықтарын ашуға, дамытуға, олардың арасынан таланттарды іздеуге шын қызығушылық танытсақ мәдениетіміз бен өркениетіміздің болашағы жарқын болары анық. Осы бағытта облысымыздағы мәдениет үйлері мен ауылдық клубтардағы балалар үйірмелеріне қатысушылар қатарының шеберліктерін шыңдап, оларға жан-жақты қолдау көрсету, рухани, адамгершілік және шығармашылық дамуын қалыптастыру мақсатында ағымдағы жылы алғаш рет ұйымдастырылған «БалаАRТ» облыстық байқауында жалпы, 5 номинация бойынша барлығы 5000-ға жуық қатысушы бақтарын сынады.
Өнерге деген ықыласы мен қызығушылығы жоғары талантты балалар ұлттық аспаптарда ойнап, әннен шашу шашты. Түрлі ұлт өкілдерінің биімен сахнаны көркемдеп, күмбірлеген күйімен көрермендерді тәнті етті.
– Тағы бір сауал, былтыр аймақ халқы әлемдік классикалық бағыттағы әуендермен сусындады. Сол жобаны ары қарай өрбіту қолға алынды ма?
– Сондай-ақ, отандық классикалық музыка әлеміндегі танымал музыканттар мен белгілі әншілердің шығармашылығын насихаттау, жоғары орындаушылық шеберліктерін жергілікті жұртшылыққа дәріптеу. Көрермендердің рухани болмысын классикалық музыканың таңғажайып сырлары мен бояулары арқылы байыту мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Облыстық халық шығармашылығы орталығы «Күзгі әуен» классикалық өнер кешін өткізді.
Кеште әлем операсының алтын дауысы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы, опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, танымал скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмилә Серкебаева, халықаралық конкурстардың лауреаттары Әсел Уашева, Айна Қалмағанбетова, Бахром Муминов сынды өнер шеберлері әлемнің және еліміздің классикалық туындыларын жанды дауыста орындады.
Классикалық өнер кешін Шымкент қалалық опера және балет театрының симфониялық оркестрі сүйемелдеді.
– Осы мәденит саласында ауыл клубтарының меңгерушілері мен әдіскерлеріне арналған бір ауқымды жоба өткен еді. Тіпті республика көлемінде жүлде алғандар болды. Осы туралы айтып беріңізші?
– Өңіріміздің мәдени бірегейлігін сақтау жолында еңбек етіп жүрген мәдениет және өнер саласының қызметкерлерінің басын қосып, тәжірибе алмасу және өңіріміздегі мәдени нысандардың имиджін көтеру мақсатында «Рухани қазына – 2023» республикалық фестивалінің алғаш рет облыстық кезеңі шеңберінде аудандарда мәдениет үйлері мен клубтардағы әдіскерлер мен клуб меңгерушілеріне қыркүйек айында шеберлік сағаттары өткен болатын. Шеберлік сағатқа 375 қызметкер қатысып, облыстық кезеңге 70-ге жуық үміткер өтінім қалдырды.
Облыстық іріктеуге кітапхана, музей, мәдени-демалыс ұйымдары арасынан 17 номинация бойынша сараланып алынған 39 қатысушы бақтарын сынады. Нәтижесінде 14 үміткер республикалық фестивалге номинациялар бойынша жолдама алды.
Республикалық фестиваль Астана қаласында өтіп, онда жерлестеріміз олжамен оралды. Соның бірі Байзақ аудандық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі Жанар Қорғанбекова «Үздік креативті мәдени демалыс ойын сауық жобасы» номинациясын жеңіп алса, Меркі ауданының Тәтті ауылдық клубының меңгерушісі Шарбану Жуасбекова «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үздік әлеуметтік мәдени жобасы» номинациясының жеңімпаздары атанды.
Іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқанымен көзге көрінбейтін техникалық қызметкерлерге арналған облыстық, үш күндік «Art-project» шеберлік сағаты арнайы Астанадан шақырылған лекторлардың жүргізуімен «Көрме» павильонында өткен болатын. Шеберлік сағатында тәжірибе тұрғысында дыбыс, жарық, ЛЭД экран құрылғыларын заманауи бағытта игеру түсіндірілді.
Биылғы 2024 жылға бірқатар іс-шаралар жоспарын әзірледік. Соның ішінде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысы, шығармашыл жастардың «Жаңа есім-2024» жобасы, 22 наурыз мейрамы, «Би әлемі» би ұжымдарының облыстық байқауы, «Көктем» классикалық өнер фестивалі, облыстық дәстүрлі әншілер конкурсы, Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма...» әзіл-сықақ республикалық байқау-фестивалі, 21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өту, әуесқой балалар үйірмелерінің «Бала ART» облыстық байқауы, ауылдық клуб меңгерушілері арасындағы «АУЫЛ-CLUB» ART-тимбилдингі, «Халықтық» (Үлгілі) атағы бар көркемөнерпаздар ұжымдарының «Өнер көзі – халықта» облыстық байқау-фестивалі және мәдениет қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг, шеберлік сағат, әдістемелік кеңесі жоспарда бар.
«Ел іші – өнер кеніші» деп, дана халқымыз айтқандай, киелі Әулиеата топырағы талантқа да, өнерге де бай өлке.
Орталық жылдық жоспарға сәйкес кейінгі ұрпаққа мәңгі өлмейтін әсерлі ән мен мағынасы терең шығармалар қалдырған біртуар талант иелерінің мәртебесін асқақтатар бірқатар кең көлемді іс-шаралар ұйымдастыруда. Әлі де талай таланттарды танытатын жобалар, байқауларды өткіземіз деп сенемін.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет.