- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Өңір мәселесі – ортақ міндет: Халық кеңесінде қандай ұсыныстар көтеріледі?
Өңір мәселесі – ортақ міндет: Халық кеңесінде қандай ұсыныстар көтеріледі?
9 Қазан 2026, 15:26
Өңірлердің ұсынысын республикалық деңгейге жеткізу, жастардың кәсіби өсуіне жағдай жасау және нәтижелі бастамаларды өзге аймақтарға тарату. Халық кеңесінің мүшесі Жанар Бимұратқызы Кеңестегі жұмыстың осы бағыттарына басымдық береді. Оның пікірінше, нақты ұсыныс қалыптастыру үшін алдымен тұрғындардың түрлі көзқарасын тыңдап, мәселені деректермен және мамандар пікірімен саралау қажет.
Халық кеңесі өңірлерге қандай мүмкіндік береді? Жастардың туған жерінде болашағын құруына не қажет? BAQ.KZ тілшісі бұл жөнінде Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, Қызылорда облысы Білім басқармасының «Сыр жұлдыздары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және инновация академиясы» қосымша білім беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының міндетін атқарушы Жанар Бимұратқызымен сұқбаттасты.
– Жанар ханым, Халық кеңесінің өңірлер үшін маңызы қандай?
– Меніңше, Халық кеңесінің өңірлер үшін маңызы – жергілікті тұрғындардың ой-пікірі мен ұсынысын республикалық деңгейдегі диалогқа қосуға мүмкіндік беруінде.
Әрине, бір адамның пікірі тұтас өңірдің көзқарасын білдірмейді. Сондықтан Кеңес мүшесі үшін ең маңыздысы – әртүрлі пікірді тыңдап, салыстыру, оларды нақты деректермен және мамандардың көзқарасымен толықтыру. Содан кейін ғана көтерілген мәселенің қаншалықты ортақ әрі өзекті екенін анықтауға болады.
Әр өңірдің өз ерекшелігі, даму қарқыны мен сұранысы бар. Оны сол жерде өмір сүріп, халықпен күнделікті араласып жүрген азаматтар жақсы біледі. Сондықтан Кеңес мүшесінің міндетін тек мәселе көтерумен байланыстырмаймын. Өңірдегі жақсы тәжірибені көрсету, тұрғындар ұсынған орынды бастамаларды қолдау, қажет жағдайда оларды тиісті деңгейге жеткізу де маңызды.
Халық кеңесін қоғамдық пікір сараланып, тәжірибе жинақталатын, соның негізінде нақты ұсыныстар қалыптасатын орта ретінде көремін.

– Жергілікті мәселелерді жеткізетін түрлі алаң бар. Халық кеңесі осы жұмысқа қандай тың мүмкіндік әкелуі керек?
– Рас, бүгінде халықтың пікірін жеткізетін алаңдар аз емес. Сондықтан Халық кеңесінің ерекшелігі мәселе айтылатын тағы бір мінбер болумен шектелмеуі керек.
Кеңес әр өңірден түскен ұсыныстарды салыстыруға, жақсы тәжірибелерді бөлісуге және ортақ мәселелерді жүйелі қарауға мүмкіндік береді. Бір өңірде нәтиже берген бастама екінші аймаққа да пайдалы болуы мүмкін.
Мен Қазақстан Халық кеңесінде Қоғамдық бастамаларды дамыту жөніндегі комитеттің құрамында жұмыс істеймін. Комитеттің бағыттары білім мен ғылымды, жастар белсенділігін, қоғамдық бастамаларды, цифрлық даму мен әлеуметтік салаларды қамтиды. Бұлар өзімнің күнделікті қызметіме де жақын.
Мен үшін Кеңестегі жұмыс ең алдымен тыңдаудан басталуы керек. Халық не айтып отыр? Жастарды не толғандырады? Білім мен ғылым саласында қандай бастамалар бар? Осыны саралап, жүзеге асыруға болатын ұсыныстарды тиісті деңгейге жеткізу маңызды.

– Бір өңірде жол мен ауызсу өзекті болса, енді бірінде жұмыс пен баспана мәселесі алға шығады. Қызылорда облысында қандай бағыттарға басымдық беру қажет деп санайсыз?
– Қызылорда облысын бүгін тек мәселелер тұрғысынан сипаттау дұрыс болмас еді. Соңғы жылдары өңірде үлкен өзгерістер бар. Құрылыс, инвестиция, өндіріс және әлеуметтік инфрақұрылым бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. 2026 жылдың сегіз айының қорытындысында өнеркәсіп өндірісі 6,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 13,1 пайызға өсті.
Сондықтан осы даму қарқынын сақтап, келесі кезеңде неге ерекше назар аударуымыз керек деген сұрақты маңызды санаймын.
Соның бірі – адами капитал. Яғни жастардың сапалы білім алуы, мамандығына сай еңбекке араласуы, кәсіби өсуі және болашағын туған өңірімен байланыстыра алуы.
Облыста жастарды қолдау және жұмыспен қамту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді. 2026 жылға арналған өңірлік жұмыспен қамту картасы бар, жастарға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері де жұмыс істейді.
Ендігі міндет – осы мүмкіндіктердің сапасы мен нәтижелілігін арттыру. Жас маман диплом алып қана қоймай, білімін еңбек нарығында пайдаланып, кәсіби жолын жалғастыра алуы керек.
Білікті кадр даярлауға, жас мамандардың кәсіби өсуіне жағдай жасауға және өңірге қажетті мамандарды тұрақтандыруға үнемі назар аудару маңызды деп ойлаймын.

– Жастардың өз өңірінде қалып, болашағын сол жерде құруына не қажет? Жұмыс пен баспанадан бөлек, қандай мүмкіндіктер маңызды?
– Жұмыс пен баспана, әрине, өте маңызды. Бірақ бүгінгі жастардың болашақ туралы түсінігі осы екі мәселемен шектелмейді. Жастарға мүмкіндік аз деп айта алмаймыз. Біздің өңірде де олардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына, ғылыммен, шығармашылықпен және қоғамдық бастамалармен айналысуына жағдай жасалып келеді.
Ендігі маңызды мәселе – жастардың осы мүмкіндіктерді көре білуі, ізденуі және тиімді пайдалануы. Өйткені мүмкіндік бар жерде жеке жауапкершілік те болуы керек. Қолдау көрсетіліп, жол ашылады. Ал білімін жетілдіру, еңбектену және өз орнын табуға ұмтылу әр жастың өзіне байланысты.
Сонымен бірге туған жерге деген жанашырлық маңызды. Патриотизмді туған жерден ешқайда кетпеу деп түсінбеймін. Жас адам білім алу немесе тәжірибе жинау үшін басқа қалаға, шетелге баруы мүмкін. Бірақ қай жерде жүрсе де, алған білімі мен тәжірибесін елінің дамуына жұмсауға ниетті болғаны маңызды.
Жастар туралы сөз болғанда Мұхтар Шахановтың:
«Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,
Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!» деген жолдары жиі ойыма келеді.
Талантты, талапты жастың жолын ашумен қатар, оны дер кезінде түсініп, қолдай білу де қажет. Кейде бір ауыз сенім мен берілген мүмкіндік жас адамның өз күшіне сенуіне үлкен әсер етеді.
Сондықтан жастардың өз өңірінде болашағын құруы үшін мүмкіндік, жеке жауапкершілік, ізденіс және туған жерге жанашырлық қатар жүруі керек деп ойлаймын.
– Осы бағыттардың ішінен Халық кеңесінде қандай нақты ұсынысты бірінші көтерер едіңіз? Ол жүзеге асса, тұрғындардың өмірінде не өзгереді?
– Ең алдымен өңірлерде жастарды қолдау бағытында қалыптасқан нәтижелі тәжірибелерді зерделеп, тиімді үлгілерін республика көлемінде тарату мәселесін көтерер едім.
Әр аймақтың жастармен жұмыс істеуде өзіндік тәжірибесі бар. Бір өңірде кәсіпкерлікті қолдау жақсы жолға қойылса, енді бірінде білім, ғылым, шығармашылық немесе қоғамдық бастамалар бағытында нәтижелі жобалар жүзеге асып жатады. Осындай бастамалар бір өңірдің аясында қалып қоймай, басқа аймақтарға да пайдалы болғаны дұрыс.

Қызылорда облысында да жастарды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Халық кеңесінің мүмкіндігін пайдаланып, өңірлер арасында жақсы тәжірибе алмасуға ықпал ету маңызды.
Егер тиімді жобалар кеңінен тараса, жастар қай өңірде тұрса да, қабілетін дамытуға, бастама көтеруге және қоғамға пайдалы іс жасауға мүмкіндік бар екенін сезінеді.
Меніңше, Халық кеңесінің құндылығының бірі де осында – өңірлердегі нәтижелі бастамаларды танып, оларды ортақ игілікке айналдыру.
– Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын. Ел илігіліне қызмет ете беріңіз!
Ең оқылған:
- Ресей Путинді қамауға алу ордерін шығарған прокурорды іздеуге жариялады
- Алматыда 200-ге жуық жеке үй сүріледі: Қай көшелердегі үйлер бұзылады?
- ЖРВИ мен тұмау көбейді: Үйдегі дәрі қобдишасында қандай дәрі болғаны дұрыс?
- Декрет, емделу, жәрдемақы мен зейнетақы: Мемлекет қазақстандықтарға қандай кепілдік береді?
- Мектеп гардеробындағы кептеліс: Астанада директор қызметінен босатылды
Аида БАТУХАН