Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі.
Қазіргі уақытта заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіру, қауіпті объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істеуге тартылатын аттестатталған және апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша қызмет көрсететін ұйымдар қызметін реттеуге, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған.
Кез келген кәсіпорынның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі - қауіпсіздік техникасы және технологиялық процестерді жүргізу бойынша барлық белгіленген нормалар мен нұсқауларды сақтау. Айталық, шикізатты қоймаға қою немесе жанғыш заттарды сақтаудың белгіленген ережелерінің бұзылуы, техникаға сапасыз қызмет көрсету сияқты жағдайлар оқыс оқиғаға апарып соғуы мүмкін. Салада атқарылған жұмыстарға және қадағалау шараларының жоғары көрсеткіштеріне қарамастан, талдау қорытындыcы елімізде өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі айтарлықтай күрделі екенін көрсетті. 2019 жылы 28 апат орын алды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1 оқыс оқиғаға көп. Апат салдарынан 24 адам зардап шекті, оның ішінде 11 адам көз жұмса, 7 адам ауыр жарақаттанып, 6 адам жеңіл дәрежеде жарақат алған.
Тексеру актілеріне сәйкес жазатайым оқиғалардың негізгі себебі - ескірген, моральдық және физикалық тұрғыдан тозған, қызметтің нормативтік мерзімін өтеген жабдықтарды пайдалану болып отыр. Тіркелген оқыс оқиғалардың тағы бір себебі - өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен ережелерін бұзу. Үшіншіден, өндірістік бақылаудың аздығы, я болмаса тіптен жүргізілмеуі және қызметкерлер біліктілігінің төмендігі, - делінген хабарламада.
Жұмыс тобына қатысушылардың пікірінше, заң жобасы азаматтарды зиянды әсерден қорғау деңгейін арттыруға және өндірістік жарақаттануды төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ аттестатталған ұйымдар мен апаттық-құтқару қызметтері жұмысына профилактикалық қадағалау жүргізу шеңберінде құқық бұзушылықтардың алдын алу көзделген.
Бұл түзетулер қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.