Өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатыр – министр

26 Қазан 2021, 10:56
4020
Бөлісу:
Өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатыр –  министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатқанын айтты.

Министр еңбек нарығындағы өзгерістердің перспективалары, пандемиядан, жаңа демографиялық жағдайдан және басқа да факторлардан туындаған жаңа талаптарға тоқталды.

Біріншіден, жұмыс күшіне қойылатын талаптар тез өзгеруде. Сарапшылардың пікірінше, алдағы 5 жылда жұмыс күшіне қажетті негізгі дағдылардың 40%-ы өзгереді, осыған байланысты әрбір екінші қызметкерді қайта даярлау қажеттілігі туындайды. Екіншіден, бұл демографиялық тәуекелдер. Өнеркәсіп саласында кадрлардың қартаю процесі жүріп жатыр. Бұл салада жұмыс істейтіндердің 20%-ы ғана жастар, – деп атап өтті министр Серік Шәпкенов Үкіметте.

Сондай-ақ министр жұмыстың жаңа форматтары қарқынды дамып жатқанын айтты. Қазіргі уақытта «еркін табыс экономикасы» немесе гиг-экономика, фрилансерлер қарқынды дамуда. Олардың қызметін заңнамалық реттеу және еңбек құқықтарын қорғау бойынша шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.

Еңбек саласын бейімдеу үшін министрлік «Кәсіптік біліктіліктер туралы» заң жобасы, Әлеуметтік кодекс жобасы аясында ұлттық біліктілік жүйесін дамыту, жұмыс күшін кәсіптік оқудан өтуге ынталандыру бойынша бірқатар бастаманы іске асырады, - деп айтты Еңбекмині.
Өзгелердің жаңалығы