«Отандық өндіріс» жобасы аясында Алматыдағы бірнеше өнеркәсіп орындарына баспасөз-туры ұйымдастырылды. Іс-шара барысында қалалық Өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Аймұхамбет Алматы қаласының бұл сала бойынша көшбастап тұрғанын айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Өнеркәсіп жұмысының қорытындысы бойынша Алматы қаласында 2023 жылдың 8 айында 1 303,7 млрд теңгеге өнім өндірілді. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 120,2% құрайды. Қаланың барлық 8 ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі ұлғайды. Қазір Алматы қаласы Қазақстан Республикасының барлық өңірлері арасында 1 орынға орналасты. Қаламыздың өнеркәсіп өндірісіндегі өсім Алатау ауданындағы Алматы индустриалды аймағының дамуымен тығыз байланысты. Алатау ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 466,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 429,9 млрд теңге.
Соңғы жылдары шаһарымызда автомобиль кластері жақсы дамуда. 2022 жылы өңдеу өнеркәсібі өсімінің 70%-ы автомобиль жасау есебінен қамтамасыз етілді, 37,2 мың автомобиль өндірілді. Жалпы салық түсімдері – 8,7 млрд теңгені құрады, – деді Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы Өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Әбілқайыр Аймұхамбет.
Келесі кезекте медиамамандарға «ҚазСПО-N» ЖШС-ның тігін цехтары мен дайын өнімдері таныстырылды.
«ҚазСПО-N» ЖШС 1996 жылдан бастап киім тігумен айналысады. Компания негізінен мұнай-газ секторы мен арнайы бөлімшелер үшін жұмыс киімдерін, табиғи мамықтан жасалған сырт киімдерді шығарумен айналысады. Сонымен қатар жеке брендпен спорттық формалар және тоқылған трикотаж өнімдері шығарылады. Өндіріс заманауи автоматтандырылған жабдықтармен толық жабдықталған.
Біз арнайы жұмыс киімдерін тігумен де, әскери киімдерді шығарумен де айналысамыз. Шығарылатын өнімдердің номенклатурасы 500 модельге дейін жетеді. Zibroo тауар маркамызбен 17 жыл бойы спорттық киімдерді де шығарып келеміз. Қазақстан құрамасын әртүрлі халықаралық жарыстарға арналған қажетті киімдермен қамтамасыз етіп тұрамыз. Біздің жаңа бағытымыз – пуховиктер тігу. Бұл жұмыспен айналысқанымызға 7 жыл болды, – деді компанияның бас директоры Елена Свечникова.
Сондай-ақ компания директорының айтуынша, кәсіпорын тұрақты түрде халықаралық көрмелерге қатысады. Сырт киім өнімдері негізінен Ресейге экспортталады және 2 жыл көлемінде зауыт өнімі Америка мен Еуропа нарығында да ұсынылған.
Біз Қазақстанда бола тұра қажетті шикізат өнімдерін сырттан алуға мәжбүрміз. Олардың қатарында Қытай, Түркия, Италия бар. Ал мамықты негізінен Қазақстан мен Ресейден аламыз. Келген шикізаттың сапасын нақты білу үшін кәсіпорын ішінде жеке зертхана аштық. Мұнда матаның қаттылығы мен қыл-қыбырының сапасы анықталады. Жалпы компаниямыздың қазіргі даму бағыты бөлшек саудаға негізделген. Ол үшін "пуховиктерді" тігу өндірісіне аса назар аударып отырмыз. Біздің бұл өнім Ресейдің 40-қа жуық қаласына экспортталады. Бүгінгі күні өндірістік желіні кеңейту мақсатында, жақын маңдағы өңірлер үшін жаңа филиалдар ашуды жоспарлап отырмыз. Биыл Есік қаласында жаңа өндіріс орнының құрылысы жүріп жатыр. Ол желтоқсан айында іске қосылуы қажет. Негізгі өндіріс орнында 200-ден астам адам жұмыс істесе, Есік қаласындағы филиалымыз 100 шақты адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, – деді кәсіпорын директоры.
Айта кеткен жөн, өндірісте «Zibroo-school» кадрларды даярлау бойынша жеке мектеп жұмыс істейді. Онда тігін цехында жұмыс істегісі келген адамдар тегін оқытылады.