Өнер қызметкерлері күніне орай "Open air-2023" фестивалі өтеді

17 Мамыр 2023, 13:02
4560
Бөлісу:
Өнер қызметкерлері күніне орай "Open air-2023" фестивалі өтеді
Фото: Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы

Фестиваль барысында өңірлерден келген үздік кітапхана қызметкерлері мен ардагер кітапханашылары Мәдениет саласының жоғары наградаларымен марапатталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

19 мамыр күні сағат 11:00-18.00 аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Ұлттық кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай «МӘДЕНИЕТ: КІТАП. БІЛІМ. ТІЛ» OPEN AIR фестивалі өтеді.

Мақсаты - мәдениет пен өнер адамдарын, кітапхана саласында қажырлы қызмет жасап жүрген мамандарды қолдау.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өңірлерден келген үздік кітапхана қызметкерлері мен ардагер кітапханашыларын Мәдениет саласының жоғары наградаларымен марапаттайды.

Шара аясында «Кітап оқу – жетістік трамплині» атты NetWorking ұйымдастырылмақ. Оған жазушылар, журналистер, редакторлар мен кинорежиссерлер қатысады. Бағдарламада «BOOKS-TOP» кітапхана мен баспалардың көрме-жәрмеңкесі, антикварлық, қолтаңбалар және жаңа кітаптар көрмесі, Art-шеберлік сағаттары, балалар павильонында түрлі кездесулер, қойылымдар өтеді. Ашық диалогта жазушы-баспагерлер ұлттық құндылықтарды арттырудың заманауи тәсілдерін талқыға салады. Тәжірибелі тренерлер кітапханалық медиа жобалар, медиасауаттылық, мобилография және SMM-технологиялары, TikTok контенттерін әзірлеу сынды өзекті тақырыптарды қозғайды. Сала дамуына қатысты маңызды мәселелер «QUIZ» интеллектуалдық алаңында жалғасады. Өңірлерден келген кітапханашылар тәжірибелік кейстерімен бөліседі.

Фестивальге Мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, баспагерлер, қолөнер шеберлері, БАҚ өкілдері, кітапханашылар, оқырмандар қатысады.

Өзгелердің жаңалығы