Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Тараз төрінде өтіп жатқан «Өнер көкпары» республикалық турнирінде екінші болып алаңға шыққан Нұр-Сұлтан қаласы құрамасы мен Алматы қаласы құрамасы арасындағы ойын аяқталды.
Құрамында Бағлан Әбдірайымов, Мадияр Серікбаев, Тәуекел Мүсілім, Серік Ибрагимов қатарлы танымал өнер иелері бар Алматы қаласының құрамасы астаналықтарды 2:0 есебімен ұтты.
Ойынның алғашқы айналымындағы көрсеткіш ойын соңына дейін өзгерген жоқ. Алматы құрамасына жеңіс сыйлаған шабандоз Смағұлов Еділ. Әрі актер, әрі дублер Еділ Қазақстан Республикасы мәдениет қайраткері.
Бұл ойында алматылықтар сапында өнер көрсеткен Тәуекел Мүсілім тек жекпе-жекке шықса, Серікбаев Мадияр шабуылшы, Әбдірайымов Бағлан қорғаушының міндетін атқарды.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай көкпардан «Өнер көкпары» республикалық турнирі өтіп жатыр.