Өндірістік жарақаттану деңгейі 9%-ға төмендеді

22 Сәуір 2021, 09:30
1590
Бөлісу:
Өндірістік жарақаттану деңгейі 9%-ға төмендеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің дерегі бойынша, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында елде өндірістік жарақаттану деңгейі 9,1%-ға төмендеді.

2021 жылдың қаңтар-наурыз айларында өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 310 адам зардап шеккен, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде зардап шеккендер саны 341 адам.

Бұл ретте оқыс оқиғалар салдарынан қаза тапқандардың саны төрттен бірге қысқарды: биыл – 38 адам, ал 2020 жылдың I тоқсанында – 51 адам.

Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (65 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (34 адам), Ақтөбе (29 адам), Қызылорда (22 адам), Қостанай (21 адам), Түркістан (18 адам) және Батыс Қазақстан (17 адам) облыстарында сақталып отыр, - делінген хабарламада.

Бірқатар өңірде I тоқсанда өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер саны Ақтөбе облысында 25-тен 29 адамға дейін, Атырау облысында 6-дан 10 адамға дейін, Қызылорда облысында 14-тен 22 адамға дейін және Павлодар облысында 13-тен 15 адамға дейін өсті.

Жазатайым оқиғалар салдарынан қаза болғандар саны 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда Ақтөбе (4-тен 7 адамға дейін), Жамбыл (2-ден 4 адамға дейін), Қызылорда (3-тен 6 адамға дейін), Батыс Қазақстан (2-ден 3 адамға дейін) облыстарында көбейді.

Өзгелердің жаңалығы