Өндірістік кәсіпорындар орналасқан өңірлерде өкпе рагына шалдығу жоғары - онколог

29 Сәуір 2021, 11:04
2364
Бөлісу:
Өндірістік кәсіпорындар орналасқан өңірлерде өкпе рагына шалдығу жоғары - онколог

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «ҚазОжРҒЗИ» АҚ Басқарма төрайымының клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Нұрлан Балтабеков «Өкпе қатерлі ісігі. Озық шешімдер» тақырыбында өтіп жатқан онлайн халықаралық конференцияда айтты.

Оның айтуынша, әлем бойынша және елімізде өкпе қатерлі ісігінен көз жұматындар саны жоғары. Оған қоса, оны ертең кезеңде диагностикалау деңгейі өте төмен болып отыр.

Қазақстанда өкпе қатерлі ісігін бірінші сатыда анықтау тек 6%-ы құрап отыр. Еуропа елдерінде де осы жағдай, тек АҚШ-та төмен дозалы томографияның арқасында бұл көрсеткіш 17-20 пайызға жетіп отыр. Елімізде өкпе қатерлі ісігімен әсіресе еркектер көп ауырады. Дегенмен соңғы 5-7 жылда әйелдер арасында ауыршаңдық өсті, өйткені әйелдер арасында текмекі шегу әдеті ұлғайған,-дейді ол.

Өндірістік кәсіпорындар орналасқан өңірлерде өкпе рагына шалдығу жоғары - онколог

Өкпе рагына тек темекі шегумен ғана емес, өнеркәсіптік өндіріс орындарының да әсері бар екен. Еліміз бойынша өкпе қатерлі ісігіне шалдығу Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарында өте жоғары.

Мәселен, Қарағанды облысының Теміртау, Жезқазған, Балқаш қалаларында өкпе рагы жоғары болып тұр. Ал, өндіріс ошақтары аз және ерлер мен әйелдер арасында темекі шегу әдетке айналмаған Түркістан облысында бұл аурудың көрсеткіші өте төмен. Скрининг жұмыстарын жүргізгенде осы көрсеткіштерді ескеру қажет, яғни өндіріс ошақтары бар өңірлер бірінші кезекте назарда болу керек. Сол кезде Қазақстан бойынша аурушаңдық бірден төмендейді,-дейді Балтабеков.

Сонымен қатар ол қатерлі ісік аурулары ішінде өкпе рагынан адам өлімі өте жоғары екенін айтты. Соңғы 25 жылда Қазақстан бойынша онкологиялық өлімде өкпе рагы бірінші орында тұр.

Еліміз онкологиямен күреске шығынды 18 есе көбейткен және бөлінетін қаржы көрші елдерден екі есе жоғары. Біз онкологиямен күресуді және оны ерте кезеңде диагностикалауды жақсарттық, бірақ 18 есе емес. Ракты бірінші сатысында анықтау олардың жоқ дегенде 5 жыл немесе одан көп уақыт өмір сүруіне мүмкіндік береді. Қазір жаңа инновациялық технологияны енгізу арқылы науқастардың өмірін сақтап қалуға болады, бұрын рактың 4-ші сатысындағы науқастың өмірін тағы 5 жылға ұзарту деген болған жоқ. Бірақ оның шығыны өте жоғары, бір науқасқа 40 млн теңгеге дейін қаржы кетеді. Сондықтан ракты ерте кезеңінде анықтап, емдеген өте тиімді,-дейді ол.

Айта кетсек, Алматыда «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ, «Қазақстандық онкологтар қауымдастығы» ҚБ-ның ұйымдастыруымен өтіп жатқан конференцияға Италия, Түркия, Испания, Ресей, Белоруссия және Қазақстанның онкологиялық орталықтардың сарапшылары қатысып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы