Өндірістегі әйел: Бізде кез келген адам жұмыс істей алмайды

9 Наурыз 2020, 15:29
1758
Бөлісу:
Өндірістегі әйел: Бізде кез келген адам жұмыс істей алмайды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі кейіпкеріміз Теміртаудағы металлургия комбинатының домен пешінің қалыпты жұмыс істеуі үшін оған үздіксіз сапалы агломерат жіберуді қамтамасыз ететін Гүлмира Маненова.

Өндіріске 25 жылдан аса уақытын арнаған Гүлмира Маненова өндіріс үлкен жауапкершілікті талап ететіндігін айтады.

Менің негізгі мамандығым - құрылысшы. Бірнеше жыл осы салада жұмыс істедім. Кейіннен бала күтіміне байланысты демалыста отырғанымда құрбым осы аглоөндірісте жұмыс істеп көруге шақырды. Бастапқыда уақытша жұмыс істеп көремін деп ойладым. Осылайша, 1995 жылы кәсіпорынға келдім. Бұл жер тұрақты жұмыс орныма айналды. Биыл өндіріс саласында жүргеніме 25 жыл болады. Қара металлургия аглоөндірістен басталады. Менің басты міндетім - өндірістің осы саласының қалыпты, үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету, - дейді ол.

Оның айтуынша, кәсіпорынға алдымен конвейер машинисті болып жұмысқа орналасқан. Уақыт өте келе шыңдалып, осы саланың білікті маманына айналды.

Ең алғаш рет жұмыс орнына келгенде мұндағы ауаның шаңдану деңгейі және үйінділердің көлемі қайран қалдырды. Қазір әрине бұған үйреніп кеттім. Жұмысқа кіріскенде ұстазым Ольга Беседина көп нәрсе үйретті. Алдымен жұмыстағы басты қағидаларды көрсетті. Жалпы менің жұмысым еңбекқорлықты, зейінділікті және жауапкершілікті талап етеді. Өндірістің тоқтап қалмауы және апатты жағдайлар орын алмас үшін барынша қауіпсіздікті сақтау керек. Әрине, жұмыс қиын. Біздің цехта кез келген адам жұмыс істей алмайды. Төгіндіні қолмен жинаймыз. Ол үшін тек шелек пен күрек қолданамыз. Егерде ақау орын алса, электрик немесе дәнекерлеуші маманды шақырамыз, - дейді нәзік жанды.

Гүлмираның сөзінше, бұл салада еңбек ететін әйелдер аз, көбіне ерлер жұмыс істейді. Гүлмира өткен жылы "Еңбек даңқы" орденінің иегері атанған.

Бізде жұмыс істеу физикалық тұрғыда қиын. Ұжымның арқасында көптеген қиындықтан бірге шығамыз. Әріптестердің барлығы бір-біріне көмектесуге үнемі дайын тұрады. Маған "Еңбек даңқы" ордені тағайындалуына ұжымның да сіңірген еңбегі зор деп ойлаймын. Мен үшін бұл марапат тосыннан болды. Менің ұжымымда бұл марапатқа менен де лайықты адамдар бар, - Гүлмира Маненова.

Гүлмира атақ-даңқ қумайтындығын, өмірінің әдемі сәттерін отбасына, немересі Давидті тәрбиелеуге арнайтындығын айтады.

Жұмыстан бос уақытымда немеремен қыдырамын, мектепке дайындаламыз. Қызым Замира да өндірісте еңбек етеді. 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесінде еліміздің барлық нәзік жандыларын мейраммен құттықтап, отбасыларына бақыт тілегім келеді, - дейді Гүлмира.
Өзгелердің жаңалығы