Өндірісте жарақат алған жұмысшыға мемлекет жәрдемақы төлейді

20 Мамыр 2021, 14:14
3592
Бөлісу:
Өндірісте жарақат алған жұмысшыға мемлекет жәрдемақы төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов өндірісте жарақат алған жұмысшыға қандай материалдық көмек төленетіні туралы айтты.

Өндірісте жұмыс барысында қызметкердің денсаулығына зиян келсе, қандай көлемде материалдық көмек көрсетіледі? Ол қалай жүзеге асырылады? деп редакциямыз сауал жолдаы.

Жұмысшының еңбек міндеттерін орындауға байланысты оның өміріне және денсаулығына зиян келсе, онда жұмыс беруші «Азаматтық кодекстің» нормаларына сәйкес зиянды өтейді.

Егер жұмысшы жұмыс орнында жарақат алып, содан зардап шегіп, материалдық жағдайы төмендейтін болса, онда заңға байланысты жұмыс беруші оның жұмсаған қаражатының бәрін, оның ішінде жалақысын да толық 100% өтеуі керек. Бұл екі бөлімнен тұрады. Біріншісі, адам жарақат алғаннан кейін 4 ай бойы адам емделеді. Яғни 4 ай ішінде жұмысшының еңбек қабілеттілігін жоғалту пайызын жергілікті жердегі медициналық-әлеуметтік сараптама айқындайды, - деп айтты Төлеген Оспанқұлов.

Оның сөзінше, бұл процесс 4 ай ішінде жүргізіледі. Осы уақыт аралығында азамат жұмысқа қабілеттілігін жоғалтқаны үшін «больничныйда» болса, онда жұмыс барысында жарақат алған азамат ақшаның 15%-ын емес, толық 100% алады.

Сонымен қатар 4 айдан кейін еңбек қабілеттілігін жоғалтқаны үшін жергілікті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері оған мүгедектікті тағайындайтын болса, онда жарақат алған адам үш жерден жәрдемақы алады, - деді еңбек инспекторы.

Ол қандай жәрдемақылар:

1. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы. Ол азаматтарға республикалық бюджеттен төленеді. Мүгедектік тобына байланысты төленеді, атап айтқанда І топтағы 65 860 теңге, ІІ топтағы 52 483 теңге, ІІІ топтағы мүгедектерге 35 675 теңге.

2. Республикамызда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры бар. Оған ай сайынғы жалақымыздан келісімді пайызды тапсырып отырамыз. Жарақат алған адамның МӘМС-тегі «стажына» байланысты осы мекемеден де ақша алады.

3. Жұмыс беруші өзінің жұмысшыларын қайғылы жағдайдан сақтандыруы керек. Егер жұмыс беруші өзінің жұмысшысын қайғылы жағдайдан сақтандыру компаниясында сақтандырмаса, онда жоғарыдағы барлық төлемақыны өз есебінен төлеуі керек.

Жарақат алған адамдар медициналық көмек алғаны үшін де қосымша қаражаттарын жұмсайды. Осы емге жұмсаған құжаттың барлығы жұмыс берушіге не болмаса, сақтандыру қорындағы мамандарға тапсыратын болса, онда емделуге жұмсаған қаржыларын сақтандыру қорынан толық алуына мүмкіндік бар. Дәрі-дәрмек және ем алғандағы дәрігерлердің берген қағаздарын жинап, қорға өткізу керек, - деп толықтырды ол брифингте.
Айта кетейік, ел бойынша қай аймақтың жұмысшылары зиянды жағдайда жұмыс істейтіні анықталды.


Өзгелердің жаңалығы