Өңдеуші-өнеркәсіп саласына Ресейден инвестиция керек – экономист

8 Қараша 2023, 15:38
514
Бөлісу:
Өңдеуші-өнеркәсіп саласына Ресейден инвестиция керек – экономист
Фото: Айбар Олжаевтың жеке мұрағатынан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Известия" газетіне берген «Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың тарихы бай және болашағы жарқын» атты сұхбатына экономист Айбар Олжаев пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Ресей тарихи тұрғыдан сауда-саттықта әріптесіміз болып келеді. Қазірде ТОП-3-ке кіреді. Ресеймен бізді барлық сала байланыстырады. Дегенмен соның ішінде ең ауқымдысы - Еуразия ынтымақтастығы. Біз енді өзіміздің мүмкіндігіміз бен болашағымызды прагматикалық тұрғыда бағалап, болжайтын болсақ, географиялық тұрғыда Ресеймен бірге жұмыс істеуге, ынтымақтастық орнатуға мәжбүр боламыз. Сондықтан қандай жағдай болмасын, Ресеймен тиімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылуымыз керек. Біздің позициямыз Ресейге түсінікті, бізге олардікі түсінікті. Екі ел бір-бірін жақсы біледі десек артық айтпағанымыз. Қазіргі таңда Қазақстан байланыстар пропорциясын да өте жақсы, жемісті жүргізіп келеді. Ол - Транскаспий бағытын күшейту. Еуропаға Каспий арқылы шығуды қарастыру қажет, – дейді Айбар Олжаев.

Қазіргі уақытта 33,5 млрд доллар болатын 143 бірлескен жоба іске асырылуда. Қазақстан экономикасы үшін машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібі сияқты негізгі салаларда 16,6 млрд доллар көлемінде 40 жоба іске асырылуда. Бұл жобаларда 15 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.

Ресейді солтүстік әріптес ретінде қарастырып жатырмыз. Ресейдің бізге жасайтын инвестициялары 20 млрд долларға жетті. Енді барынша Ресейден келетін инвестицияларды көбейте беру керек. Әсіресе, өңдеуші-өнеркәсіп саласында инвестиция керек. Ресейдің экономикалық жағдайын қарап отырып, ол 2022 жылы 2,2%-ға түссе де, биыл 2,8%-ға көтерілетіні анық. Бұл Ресейдің кейбір жерде ұтылғанына қарамастан қайтарып алатынын көрсетіп отыр. Сондықтан Ресейден инвестицияның келуі инвестиция салуға әлеуеті бар деген сөз, - дейді экономист.

Өзгелердің жаңалығы