Оңдасын Оразалин тозығы жеткен лифтілерді ауыстыруды тапсырды

17 Қараша 2020, 23:00
1467
Бөлісу:
Оңдасын Оразалин тозығы жеткен лифтілерді ауыстыруды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының  әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Онда Ақтөбе қаласындағы лифт шаруашылығының жағдайы, 2020 жылы азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуы және құлақтандыру жүйесін  жаңғырту мәселелері қаралды. 

Жиынға  облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма  басшылары, қала, аудан әкімдері қатысты.  

Атқарушы орган ретінде тұрғындардың  қауіпсіздігі  жан-жақты қамтамасыз етілуі  қажет.  Көп қабатты үйлердің тұрғындары тарапынан жеделсатылардың сапасына қатысты  шағымдар түсуде. Бүгінгі комиссия отырысында  осы мәселені шешу жолдарын қарастырамыз, - деді өңір басшысы. 
Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың баяндамасы тыңдалды. Айтуынша қала бойынша 305 көпқабатты тұрғын үйде 605 лифт пайдаланылады. 259 ның нормативтік пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен лифтілерді ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. 2020 жылы 920 млн теңгеге 100 лифтіні күрделі жөндеу бойынша өтінім әзірленген. Оның ішінде 16 лифт  дереу жөндеуді талап етеді және қазіргі уақытта пайдаланылмайды. Тозған лифттерді ауыстыру бойынша түрік инвесторлары ұсыныс білдірген. Алайда олардың  орнататын лифт көлемі  тұрғын үйлердің шахтасына сәйкес келмеген. Сондықтан, «Qaz-Bel Лифт» ЖШС, «Жігер» ЖШС, «Могилев Лифт Маш» сынды жергілікті кәсіпорындармен бірлесе жұмыс жасауды жоспарлайды. Сонымен қатар, Алға ауданында істен шыққан лифтілер мәселесі бар. 

100 лифтіні ауыстыру - бұл үлкен жауапкершілік,  тозығы жеткен лифттерге қатысты аудан әкімдері де  нақты ұсыныстыр әзірлесін.  Қаладағы тұрғын үйлердің жеделсатылары мүмкіндігінше тез арада ауыстырылу қажет,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин. 

Бұдан соң, индустриялық даму және өнеркәсіптік  қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Бекеев комитет құзырындағы қауіпті өндірістік объектілердегі жолаушылар және жүк лифтілерінің қауіпсіз пайдаланылу мәселесіне тоқталса, 2020 жылы азаматтық  қорғаныс іс-шараларының орындалуы және құлақтандыру жүйелері туралы облыстық ТЖД  бастығы Марғұлан Аманбаев баяндады, ол облыс әкіміне департамент тарапынан 2020-2024 жылдарға арналған жобалар бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы