Ондаған өтініштің орнына – бір сервис: Bereke Bank finkelisim.kz жобасына қатысады

 gov.kz 2 Қыркүйек 2026, 10:15
2 Қыркүйек 2026, 10:15
110
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп кредиттер бойынша берешекті реттеуге арналған бірыңғай цифрлық платформа – finkelisim.kz сервисін әзірледі. Платформа 2026 жылғы 1 шілдеден бастап банк және микроқаржы омбудсмандарының базасында «бір терезе» қағидаты бойынша медиация тәртібімен жұмыс істейді.

Bereke Bank жоба іске қосылған күннен бастап оған қатысып келеді және берешекті ұжымдық реттеу тетігіне тартылған банктердің бірі болып табылады. Жобаға қатысу банктің жауапты қаржыландыруға және клиенттер үшін ыңғайлы әрі қолжетімді сервистерді дамытуға бағытталған ұстанымына сәйкес келеді.

Платформа кімдерге арналған?

Сервис бірнеше кредит беруші – банктер, МҚҰ немесе коллекторлық агенттіктер алдында бір мезгілде тұтынушылық кепілсіз кредиттер бойынша мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.

Қарыз алушы әр кредит берушіге жеке-жеке өтініш берудің орнына finkelisim.kz платформасында бір ғана өтініш береді. Платформа берешек туралы мәліметтерді автоматты түрде жинайды, ал өтініш барлық кредит берушілер тарапынан қаралады.

Қарау және талаптарды келісу нәтижесінде қарыз алушыға берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін, оның мерзімі 5 жылға дейін, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейін болуы мүмкін.

Медиатор қызметтерін қоспағанда, қарыз алушының рәсімге қатысуы тегін. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін медиатор қызметтерінің шығындары банк және микроқаржы омбудсмандарының қаражаты есебінен өтеледі.

Сервисті кімдер пайдалана алады?

Өтінішті екі немесе одан да көп кредит беруші алдында 90 және одан да көп күнтізбелік күн мерзімі өткен берешегі бар; 150-ден 1 600 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 648 750 теңгеден 6 920 000 теңгеге дейін жиынтық берешегі бар; берешекті өндіріп алу туралы сот актілері, нотариустың атқарушылық жазбалары және мәжбүрлеп өндіріп алуға қатысты өзге де шаралары жоқ қарыз алушы бере алады.

Рәсімге ипотекалық және автокредиттер, кәсіпкерлік қызмет үшін алынған қарыздар мен микрокредиттер, алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер, сондай-ақ заңнамада көзделген арнайы тәртіппен реттеліп жатқан, кейінге қалдырылған немесе банкроттық рәсімі қолданылып отырған берешек түрлері енгізілмейді.

Берешекті реттеу қалай жүргізіледі?

Қарыз алушы finkelisim.kz платформасында тіркеліп, биометриялық сәйкестендіруден өтеді және өтініш береді. Платформа кредиттік бюролардың деректері негізінде қарыз алушының белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеріп, рәсімге енгізілуі мүмкін кредиттердің тізімін қалыптастырады.

Кредит берушілер мәліметтерді тексеріп, берешек мөлшерін растайды. Одан кейін қарыз алушыға қол қою үшін омбудсманның шешімі көрсетілген хаттама, берешекті өтеу кестесі, медиатормен жасалған шарт және әр кредит берушімен жасалатын медиациялық келісімдер жіберіледі. Құжаттарға 72 сағат ішінде қол қою қажет.

Қаржылық қиындыққа тап болған клиент үшін жағдайды реттеудің түсінікті жолының болуы біз үшін маңызды. Бірыңғай платформа бірнеше кредит берушімен жұмысты барынша ашық әрі жүйелі ұйымдастыруға және қарыз алушының нақты жағдайын ескере отырып, ортақ шешім іздеуге мүмкіндік береді. Bereke Bank-тің жобаға қатысуы жауапты қаржыландыру және клиенттермен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнату қағидаттарына негізделген жұмысымыздың жалғасы болып табылады, – «Bereke Bank» АҚ-да (Lesha Bank LLC (Public) ЕБ) осылай деп атап өтті.

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредит берушілер рәсімге енгізілген кредиттер бойынша берешекті өндіріп алуды тоқтатады. Қарыз алушы төлемдерді бірыңғай кесте бойынша жасайды, ал платформа түскен қаражатты берешек мөлшеріне пропорционалды түрде кредит берушілер арасында бөледі.

Егер қарыз алушы келісімдерде белгіленген талаптарды орындамаса, 40 күн мерзімі өткеннен кейін кредит беруші берешекті заңнамада белгіленген тәртіппен өндіріп алуға құқылы. Берешекті ұжымдық реттеу рәсіміне қайта қосуға жол берілмейді.

Бірыңғай кесте қалай жасалады?

Жалпы шарттар негізінде қарыз алушылар үшін жиынтық берешек 1 млн теңгеге дейін болған жағдайда, 12 ай мерзімге ай сайынғы ең жоғары төлем 84 мың теңгені құрайды, ал берешек 5 млн-нан 7 млн теңгеге дейін болған жағдайда, 60 ай мерзімге ай сайынғы ең жоғары төлем 117 мың теңгені құрайды.

Бірыңғай кесте қалай жасалады?

Жалпы талаптарға сәйкес келетін қарыз алушылар үшін бірыңғай төлем кестесі банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы барлық міндеттемелер бойынша берешектің жиынтық сомасы негізінде қалыптастырылады. Бөліп төлеу мерзімі берешек мөлшері мен қарыз алушының санатына қарай айқындалады және 60 немесе 84 айға дейін белгіленеді.

  • I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін бөліп төлеудің ең ұзақ мерзімі 84 айға дейін белгіленеді. Нақты мерзім қарыз алушының банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы барлық міндеттемелері бойынша берешегінің жиынтық қалдығын ескере отырып айқындалады. Ай сайынғы төлемнің ең жоғары мөлшері 84 000 теңгеден аспайды.
  • Халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа санаттары үшін бөліп төлеудің ең ұзақ мерзімі 60 айға дейін белгіленеді, ал ай сайынғы төлемнің ең жоғары мөлшері 117 000 теңгеден аспайды.
Наверх