Өмірден түңіліп кеттім: Көпірден секірмек болған адам құтқарылды

9 Маусым 2021, 18:54
3451
Бөлісу:
Өмірден түңіліп кеттім: Көпірден секірмек болған адам құтқарылды

Алматы, BAQ.KZ. Оқиға Алматының Жетісу ауданында болған. Өзін біртүрлі ұстаған адамды бірінші болып «Буран-173» патрульдік полиция экипажы байқапты.

Біз кезекшілікте болған кезде, Солтүстік айналма көшесі бойындағы көпірде бір адамды көрдік: ол көпірден секірмек болды. Қызметтік көлігімізбен жылдам айналдық та, оған қарай жетіп бардық. Менің әріптесім жүгіріп барып, егде жастағы адамды ұстады, - деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкері, полиция лейтенанты Ерлан Шаяхмет.

Сонымен қатар патрульдік полиция қызметкерінің серіктесі бірнеше секунд ішінде қимылдау керек болғандығын нақтылады.

Мен көліктен жүгіріп шыққанша, бұл адам бір аяғын көпірдің қоршауының үстіне шығарып үлгерді. Бірақ мен оның шалбарының белдігінен тез ұстап алдым да, өзіме қарай тарттым. Бұл шамамен 63 жастағы егде адам. Ол бордюрге отырып, қатты жылай бастады. Отбасы оны тастап кеткендіктен, өмірдің мән-мағынасын көрмеген болып шықты. Біз оқиға туралы жедел кезекшіге хабарладық және ер адамды Жетісу аудандық Полиция басқармасына алып келдік, оған алдымен психологиялық көмек көрсетілді, - деді Алматы қалалық ПД ЖПҚБ Патрульдік полиция полкінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Абылайхан Оқас.

Белгілі болғандай, өз-өзіне қол жұмсағысы келген ер адам мас болған.

Өзгелердің жаңалығы