Өмір бақи тәуелсіздіктен айрылып қалмайық демейміз ғой – әлеуметтанушы

31 Желтоқсан 2023, 09:28
689
Бөлісу:
Өмір бақи тәуелсіздіктен айрылып қалмайық демейміз ғой – әлеуметтанушы

Әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов «Ұлттық идеология және ...» жобасында ұлттық идеяның үнемі өзгеріп отыратынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Басында ұлттық идея тәуелсіздікті алу болды. Алашордалықтар әуелі автономиямызды алайық, өз билігімізді өзіміз құрайық деді. Ол идея халықтың жадында қалды. Бірақ жүзеге аспады. Өйткені біз Кеңес үкіметінің астында қалдық, Сталиннің қандықол саясатында. «90-жылдары тәуелсіздігімізді алсақ» деген үмітпен өмір сүрдік, сол ұлттық идея болатын, - деді әлеуметтанушы.

Ал тәуелсіздігімізді алғаннан кейін одан айрылып қалмайық деген идея болғанын жеткізді. Бірақ Ілияс Тілеубергеновтың ойынша, ол идея қазіргі жастарға өтпейді.

30 жыл болды тәуелсіздік алғанымызға, өмір бақи «тәуелсіздіктен айрылып қалмайық» деп айтпаймыз ғой. Мысалы Нұрсұлтан Назарбаев заманындағы политехнологтардың «90-жылдары қалай қиын болды, соның қадірін біліңдер» деп айтатын әңгімесі тәуелсіздікті алу жолында қан-тер төкпеген, қиыншылықтарда өмір сүрмеген қазіргі жастарға өтпейді. Оларға жаңа нәрсе керек, - деді ол.

Әлеуметтанушы мысал ретінде Ninety One тобын алды. Ол топ шыққанда оған деген көзқарас біздің қоғамда белгілі топ бұрынғымен өмір сүретінін, жаңа топ болашаққа қарағысы келетінін көрсеткенін айтты.

Неге қазақтың салт-дәстүрлерін, мәдениетін, домбырасын әнге қосып, қазақтың қоңыр дауысымен шетелдік стильде ән айтпасқа? Мәдениетімізді шетелге таныту үшін, экспорт жасау үшін. Мысалы Димаш Құдайберген. Бір кездері не деді? «Әйел құсап жіңішке дауыспен айқайлау өнер емес» деді. Ал ол өнерін әлемдік трендке сай жасай отырып, шетелге экспорттай алды, - деді әлеуметтанушы.

Өзгелердің жаңалығы