Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов хабарлады. Сонымен қатар ол «Омикрон» штамының әдеттегі маусымдық вирустық инфекция еместігін ескертті.
«Омикрон» - кәдімгі маусымдық вирустық инфекция деген пікір айтып жатқандар бар. Бұл штамды қарапайым тұмау ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. «Омикрон» штамының ерекшелігі – аса жұқпалылығы мен оны қайта жұқтырып алу қатерінің жоғарылығы. Таралу коэффициенті – 5-те 1-ге тең. «Дельта» нұсқасына қарағанда 70 есе тез таралады, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар ол соңғы тәуліктегі жағдайға тоқталды.
Соңғы тәулікте 9700 жағдай тіркелген. Соңғы ай ішінде коронавирус инфекциясымен ауыру көрсеткіші 20 есеге артқан. Мұндай көрсеткіш пандемия басталғалы тіркелмеген болатын. Түркістан облысын қоспағанда, бүкіл ел аумағы «қызыл» аймақта тұр. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды және Атырау облыстары көш басында, - деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ өткен жылдың соңымен салыстырғанда жағдайдың ушыққанын айтты.
Егер желтоқсан айының соңында стационарларда 3 мыңнан астам адам індеттен емделсе, бүгін 7 мыңнан астам ауруханада жатыр. Емханада ем алып жүр пациенттер саны 4,8 есеге ұлғайған. Елорда бойынша стационарда емделушілер саны 200-ден 1000 адамға дейін, яғни 5 есеге көбейді, - деді Ералы Тоғжанов.