Омбы әскери госпиталінің ғимаратында Кемел Тоқаевқа ескерткіш тақта орнатылды

10 Шілде 2020, 12:15
2933
Бөлісу:
Омбы әскери госпиталінің ғимаратында Кемел Тоқаевқа ескерткіш тақта орнатылды
PHOTO

Омбы облысы, BAQ.KZ тілші. Омбы облысында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында әскери госпитальде ем қабылдап, ауыр жарақатынан айыққан қазақ солдаты Кемел Тоқаевтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Игі бастаманы жергілікті қоғам белсенділері көтерген.

Тарихқа көз жүгіртсек, сұрапыл соғыс жылдарында Омбы қаласында 45 эвакуациялық госпиталь болды. Сол сәтте Омбыға Кеңес Одағының үздік дәрігерлері шақырылды. Олар қан майданнан оралған жауынгерлерді емдеп, аяққа тұрғызды. Жергілікті үкіметтік емес ұйым өкілдері соғыстан оралғандардың есімдерін келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Мәселен, соңғы сегіз жыл ішінде ұмыт қалған 1400-ге жуық солдаттың тізімін жасаған. Айта кетейік, әскери госпиталь бүгінгі күнде жұмысын жалғастыруда. Соғыс басталғанға дейін оның ғимаратында қалалық емхана мен қазақ педагогикалық училищесі жұмыс істеген.

1136 (4).jpeg

Омбы облысындағы Шоқан Уәлиханов атындағы қоғамдық ұйымның басқарма төрағасы Махаббат Көптұровтың айтуынша, 1945 жылдың ақпаны мен маусымы аралығында сержант, қазақтың атақты жазушысы, драматург Кемел Тоқаев осы госпитальде ем қабылдаған.

Осы жылдың басында Омбы қаласының топонимикалық комиссиясы тарапынан келісім алдық. Кейін Омбы қалалық кеңес депутаттарынан мемориалдық тақта орнату жөнінде рұқсат алдық. Ескерткіш тақта Санкт-Петербург қаласында әзірленді. Туындының авторы, мүсінші - Мейрам Баймұханов. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аясында шаралар кешенін өткізуді жоспарлап жатырмыз, - дейді Махаббат Көптұров.
1136 (3).jpeg  1136 (5).jpeg

Соғыс жылдары Омбы қаласының әскери госпиталі 562 эшелонның жараланған жауынгерлерін қабылдап, емдеді. Тарихшылардың мәліметінше, сол кезеңде 43 мыңнан астам операция жасалып, 160 мыңнан астам сарбаз емделіп шықты.

1136 (5).jpeg

Өзгелердің жаңалығы