Жетісу облысында BMW X7 мінген 23 жастағы киберқылмыскер ұсталды. Ол OLX арқылы жалған хабарландыру жариялап, Kaspi-ден несие рәсімдетіп, қазақстандықтардың есепшоттарын тонаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жетісу облысының прокуратурасымен үйлестіре отырып, полиция қызметкерлері киберқылмыстың алдын алу бойынша белсенді жұмыстарын жалғастыруда. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде интернет-алаяқтық салдарынан азаматтардың есепшоттарынан ұрланған қаржыны қолма-қол етуге қатысы бар кезекті ұйымдастырушы ұсталды.
Жетісу облысының полицейлері Алматы қаласының 23 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Ол Қазақстан аумағында бірқатар қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілінді. Тінту барысында күдіктіден iPhone 16 Pro маркалы ұялы телефон, BMW X7 автокөлігі, сондай-ақ шетелдік байланыс операторларының төрт SIM-картасы тәркіленді, - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Белгілі болғандай, тергеу деректеріне сәйкес, күдікті OLX платформасында жалған хабарландырулар жариялап, «Kaspi банк» арқылы тауарлық несие рәсімдеуді ұсынған. Ол сенгіш азаматтарды алдап, кейін дроперлерді тарта отырып, заңсыз жолмен алынған қаражатты қолма-қол қылған.
Қазіргі таңда қылмыстық істі Жетісу облыстық полиция департаментінің тәжірибелі мамандары тергеп жатыр. Өңірдің өзінде төрт жәбірленуші анықталды, алайда тергеу жалғасуда және алаяқтық сызбаның жаңа құрбандарын Қазақстанның өзге аймақтарынан да әшкерелеу жұмыстары жүргізілуде, - делінген ақпаратта.