Өлкемізге депортацияланған 36151 азаматтың жеке құжаттары анықталды – Шардарбекова

31 Мамыр 2022, 10:45
1766
Бөлісу:
Өлкемізге депортацияланған 36151 азаматтың жеке құжаттары анықталды – Шардарбекова

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ даласы сан тарау тағдырлы  тарихқа тұнып тұрған өлке. 

Кешегі ашаршылық пен соғыс жылдары және желтоқсан көтерілісіндегі әрбір оқиғаны ғалымдар жіті зерттесе талай шындықтың беті ашылары мәлім. 2021 жылдың 14 қаңтарында Түркістан облысындағы тарихта жазықсыз жапа шеккендерді ақтау бойынша топ құрылған болатын.

 31 мамыр айтулы датаға орай, Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архиві коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы, Түркістан облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы тобының жетекшісі Гүлнара Шардарбековамен бір жыл ішінде комиссияның жүргізген жұмыстары жөнінде сұхбат алған болатынбыз.

- Гүлнара Сәдібекқызы, оқырманға өңірлік жұмыс топтары қызметінің қорытындыларын, сонымен қатар 2021-2022 жылғы атқарған жұмыстарын айтып берсеңіз. 

- Түркістан облыстық мәслихатының 2021 жылғы 4 ақпандағы шешімімен комиссияның құрамы бекітіліп, 2021 жылғы 18 маусымдағы және 9 қарашадағы шешімімен өзгерістер енгізілді. Комиссия құрамына тарихшы ғалымдар, доценттер, phd докторлары, сарапшылар, Қ.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры, архив саласының қызметкерлері және т.б. азаматтар енгізілді. Сөйтіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша жұмысшы топ құрылды. Бұған дейін алты рет комиссия мәжілісін өткіздік, алты дөңгелек үстел, үш семинар өткізілді. Онда Түркістан облысындағы байлардың шаруашылығын кәмпескелеу мен кулактарды тап ретінде жою науқанының деректерін, «Ұлыларды ұлықтау - ұлт тарихын ұмытпау» деген тақырыпта архив қорларындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы деректер, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы естеліктер жинаудың әдіс-тәсілдері, кеңес идеологиясы мен діни құндылықтар қақтығысы, шаруаларға қарсы күштеу шаралары және ашаршылық салдары, депортация мен арнайы қоныстандырылғандардың тағдыры туралы мәселе сөз болды. Ал семинарларда қуғын көргендердің куәгерлерінен, ұрпақтарынан естеліктер жинаудың әдістемесі, архив құжаттарымен жүргізілетін археографиялық жұмыстарды ұйымдастыру, қуғын-сүргін құрбандарының деректерін баспасөзде жариялау мәселелерін талқыладық. 

- Ал осы Түркістан облысындағы жұмыс тобын қаржыландыру жағы қалай болды? Биыл да ақтау жұмыстарына қаражат бөліне ме?

- Өткен жылы сәуір айында Түркістан облыстық мәслихаттың сессиясында ғылыми және зерттеу қызметіне қажетті барлық шығындар және өңірлік комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті басқа да шығыстарға жергілікті бюджеттен 19,5 млн теңге қарастырылды, ал 2022 жылға енді қарастырылып жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Түркістан облыстық өңірлік комиссияның және жұмысшы топтың 2022 жылға арналған жұмыс жоспарлары бекітілді. Түркістан облысы негізі тоғыз бағыт бойынша жұмыс істейді.

- Өзіңіз білесіз, өңірде тарихи орындар өте көп. Осы ретте аудандарға жасаған экспедиция жұмыстарынан бастасаңыз. 

- Иә, өткен жылы Созақ, Бәйдібек аудандарына экспедициялар ұйымдастырдық. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих, теология, әлеуметтану, халықаралық қатынастар, экономика мамандықтарының бітірушілеріне саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау тақырыптары жоба жұмысы ретінде бекітіліп берілді. Бітіруші бакалаврлар осы тақырыптар бойынша 2022 жылы қаңтар-сәуір айларында аудандарда экспедицияда болып, материалдар мен деректер жинастырып қайтты. Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының архивіндегі қорлары, ІІМ-нің арнайы архивінің қорларымен Түркістан облысының мемлекеттік архивіндегі қорлар зерттеліп жатыр. Ал жергілікті халық арасында айтылған ауызша тарих (oral histori) методикасының негізінде 35 сауалнама жүргіздік. Жұмыс бабымен Алматы қаласындағы Президенттің архиві, Орталық мемлекеттік архиві, Жетісай және Кентау өңірлік мемлекеттік архивтері, Келес аудандық мемлекеттік архиві, Тәжікстан Республикасының архивтері, Өзбекстан Республикасының кітапханалары мен қуғын-сүргін құрбандары (Қатоған қурбонлори) музейіне іс-сапарлар ұйымдастырылды.

- Сонымен қандай құнды деректер жинақтай алдыңыздар? 

- Өңірлік комиссиялардың ғылыми және баспа қызметі биыл БҒМ тізбесіндегі журналдарға 1 мақала жариялады, 2 мақала ұсынды. Барлығы 7 жинақ, 2 монография дайындап жатырмыз, оны жыл соңына дейін шығарамыз. Бұдан бөлек, «Түркістан өңірін түлеткен тарихи тұлғалар» деген бір жинағымыз шықты. Сондай-ақ, 1930-1933 жылдардағы ашаршылыққа қатысты құжаттар және мақалалар жинағы, Бостандық және Созақ аудандары және басқа да көтерілістердің, кәмпескеленген бай-кулактарды жер аударуға қатысты архивтік құжаттары мен мақалалар, мемлекеттік террор мен қуғын-сүргіннен туған жерін тастап, Қазақстаннан тыс жерлерге (Өзбекстан, Тәжікстан) ауа көшкендердің құжаттар жинағы, Алаш қозғалысы және шаруаларға қарсы күшейтілген саяси науқандардың құрбандарына қатысты архив құжаттары, Кеңес өкіметінің дін саясаты бойынша өңірде қалай іске асқандығы туралы талдауы мен діни себептермен қуғындалғандардың құжаттары, өңірге депортацияланғандардың тізімі және оларға жасалған күштеу шараларына қатысты құжаттарды жинадық. Айта кетейін, қордың материалдары құпиясыздандырылмағандықтан жоба күйінде ғана жасалды.

Қандай бағыттар бойынша ғалымдардың зерттеулерінде ашқан жаңалықтар бар? 

Иә, зерттеу барысында ашылған фактілер бар. Мәселен, жоспарға сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін РСФСР-дің 1926 жылғы Қылмыстық кодекстің 58, 59, 61, 62, 63, 159, 180, 69, 73, 79, 82, 95, 105, 107, 108, 110, 111-баптары бойынша Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі жабық және ашық қорлардағы құжаттарды талдау арқылы сотталғандарды ақтауға ұсыну үшін тізім жасалды. Бүгінге дейін жүргізілген зерттеу жұмыстары негізінде жалпы саны 1643 адам тізімге алынды. Оның ішінде жекелеген баптармен қанша азаматтың қандай баппен қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы жөнінде тағы да қосымша тізім жасалуда. Сонымен бірге, еліміздегі бас прокуратурадағы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы архиві мемлекеттік құпиялығы алынбаған қор құпиясыздандыруға дайындалды, материалдары талдаудан өтті.  «Түркістан облысы бойынша соттар әкімшісі» РММ-нің 14.09.2021 жылғы №5199-21-5-16/35 санды хатына сәйкес, ТОМА қорларынан 1934-1939 жылдардың құжаттарынан 630 іс қаралды. Нәтижесінде 58, 59-баптар бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 167 азаматтың аты-жөні тізімге алынды. Қазіргі таңда табылған азаматтарды ақтауға ұсыну үшін мекеме тарапынан құжаттар құпиясыздандыруға дайындалды. Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасы архивінің 9-қорында сақталған өлкемізге депортацияланған әрі мақсатты түрде қоныстандырылған 36151 азаматтың жеке құжаттары деректер базасына енгізілді.

- Ал 1986 жылғы оқиға желісін қазбаладыңыздар ма? Ол туралы облыстан қандай деректер таба алдыңыздар? 

- Қазақ елінің өз Тәуелсіздігін алуға 1986 жылы болған Желтоқсан оқиғасы әсер еткені рас. 35 жылдан аса тарихы бар көтерілістің маңыздылығы неде? Бұл кешегі бабалардың арманын ту етіп, сол кездегі жүйенің әділетсіз ұстанымына қарсы шыққан қазақ жастарының бірігіп бас қосқан ерлігі болатын. Алаңға шыққан жастар кеңес үкіметінің отаршыл, әміршіл саясатына наразылық білдірді. Көп ұзамай Қазақстан өз егемендігін алып, дербес республика атанды. Ғасырлар бойы армандап келген бабалар арманы шындыққа айналды. Елбасының Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан атауы өзгеріп, киелі де рухани шаһарға облыс орталығының мәртебесі берілді. Жаңадан Түркістан облысы құрылды. Меніңше, бұл сол желтоқсанда қыршын кеткен жастардың асқақ рухымен жеткен Тәуелсіздіктің елеулі бір үлкен жетістігі деп ойлаймын. Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына байланысты, Түркістан облысының қоғамдық-саяси архивінде Желтоқсан оқиғасына қатысушы атты 170, қорда 60, 65, 41-1 баптармен 10 сотталған азаматтың, 35-тен аса қатысушылардың құжаттары жинақталып, архив қоры негізінде бейнефильм жасалды, оны көрермендердің біразы көріп үлгерді. Қазір де жұмыстар жалғасып жатыр. Жалпы, Түркістан облысынан 1986 жылғы оқиғаға 244 жерлесіміз қатысқан деген мәлімет бар. Алайда бұл әлі нақты емес деп ойлаймыз, алдағы уақытта құжаттарын архивке жинақтау арқылы анықтасақ деген жоспарымыз бар. Былтыр облыс әкімінің бастамасымен Желтоқсан құрбандарына арнап ауқымды іс-шаралар өткізілді. Осы жиында аз қамтылған желтоқсан оқиғасына қатысқан отбасыларға бір реттік әлеуметтік көмек пен шипажайларға жолдамалар берілді. 

- Ұлы Отан соғысы кезіндегі деректер ше?

- «Ұлы Отан соғысының әскери тұтқындары және фашист концлагерінің узниктері» топтамасынан 56 сақтау бірлігі қаралып, 15 әскери тұтқын анықталды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы шет елдерден әкелінген қазақстандық әскери тұтқындардың құжаттары» топтамасынан 10 сақтау бірлігі қаралып, 15 әскери тұтқын анықталды. 

- Қордан тағы да қандай қызықты мәліметтер таптыңыздар?

- Бұдан бөлек, ТОҚСТМА қорларынан бай, орташа, кулак ретінде мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 1698 адам тізімге алынды, әскери тұтқындар 30, Бостандық көтерілісіне қатысқан 32 адамның тізімі анықталды. Оңтүстіктен Тәжікстанға ауа көшкендердің болжамды саны 55-60 мың шамасында, Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өткен қазақтардың саны 5-7 мың шамасында деген болжамды саны анықталды. Осы бағытта Өзбекстанға ауа көшушілер саны анықталуда және олар да ақтауға ұсынылады. Бұл цифр алдағы уақытта толығатын болады. Өйткені, архив қорлары толық өңделіп біткен жоқ. Құпиялығы алынбаған қорлардың мәліметтері енгізілген жоқ. 2021-2022 жылы архивтердегі ғылыми-іздестіру жұмыстары 2460 құжат қаралды. Комиссия жұмысына тартылған және ғылыми іздену жұмыстарымен 11 ізденуші ғалым тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. 

- Айтпақшы, облыс тұрғындарынан қуғын-сүргінге ұшыраған аталарын іздеп келушілер бар ма екен?

- Иә, азаматтардан келіп түскен өтініштер бар, беріп жатыр. Біз қолдан келгенше жасап береміз. Саяси қуғынға ұшыраған, жер ауған, мүлкі тәркіленген бай кулактар, көтерілістерге қатысқандардың ұрпақтарымен кездесіп видеоға түсіріп жинақтап жатырмыз. Бұдан бөлек, өңірлік комиссияның және жұмыс топтардың өз отырыстарын, сарапшылармен, өлкетанушылармен, зерттеушілермен, еріктілермен, келушілермен және т. б. зум-кеңестер мен кездесулер өткізуі үшін әкімдіктегі Басқармалар үйі ғимаратынан ұйымдастыру техникасымен тұрақты жабдықталған шағын зал қарастырылды. Аймақтағы 17 аудан, қала тұрғындарымен тікелей байланыс орнату мақсатында облыстың жауапты басқармалары мен аудан, қалалық ішкі саясат бөлімдерінің мамандары бекітілді. Аталған мамандардың тізімі, байланыс телефондары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» мен «Южный Казахстан» газеттерінде әрі ресми сайттарда жарияланды.

- Топ жетекшісі ретінде комиссияның жұмысы қалай насихатталып жатқанына тоқтала кетсеңіз?  

-Облыстық «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Жанубий Қозоғистон» газеттері мен 17 аудан, қалалық баспа БАҚ беттерінде тақырыптық айдарлар ашылып, материалдар жарияланды. 2021 жылы 29 қазан және 13 қарашада Түркістан телеарнасында «Халық үні» ток-шоу бағдарламасына комиссия және жұмысшы топ жетекшілерінің қатысуымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау тақырыбында бір сағаттық хабар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желіде Х.Тұрсын «Оңтүстік тұрғындарының Тәжікстанға ауа көшуі» тақырыбында видеолекция ұйымдастырды. «Азалы тарихтың ақтаңдақ беттері» атты «Салауат» жастар орталығы Семей қаласы оқушыларымен өткізілген видеолекция өткізді. 2021 жылы 3 желтоқсанда Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «ХХ ғасырдың 20-50 жылдары Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін: себептері мен салдары» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияға жұмысшы топ мүшелерінің тақырыпқа қатысты жүргізген жұмыстарының нәтижелерін баяндаған 22 мақаласы талқыға салынды және жинақ етіп дайындалды. Сонымен қатар, жергілікті «Түркістан» арнасындағы «Тағылым», «Айғақ» телеарнасындағы «Тарих толқыны», «Ел-НҰР» телеарнасындағы «Арнайы репортаж» бағдарламалары шеңберінде бағдарламалардың арнайы шығарылымы ұйымдастырылды. Жалпы БАҚ көздеріне 162 материал жарияланды. Оның ішінде 17-і баспа БАҚ, 9-ы электронды БАҚ, 15-і ақпараттық сайтта, 121 материал фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланған.

Өзгелердің жаңалығы