«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

7 Ақпан 2022, 11:15
2649
Бөлісу:
«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жасаған жұмыс сапарының бейресми тұстары туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлидің «Egemen Qazaqstan» газетіне мақаласы шықты. 

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір-екі күн бұрын XXIV қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжіңге жұмыс сапарымен барып келді. Бұл – Мемлекет басшысының биылғы шетелге жасаған бірінші сапары. 

«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

Осы жаһандық спорт додасы Қытайдың ай күнтізбесі бойынша Жаңа жыл мерекесімен тұспа-тұс келді. Мұның символдық мәні зор. Қытай халқы Барыс жылын үлкен қошеметпен қарсы алды.

Қазақстан Президентімен қатар Қытай астанасына 30-дан астам мемлекеттің бас­шылары мен үкімет жетекшілері, корольдер отбасыларының мүшелері мен ха­лықаралық ұйымдардың жетекшілері келді.

Бейжіңдегі ауа райын айтар болсақ, күн ашық, қар жоқ, бірақ қара суық. Төрт жылда бір келетін спорт додасына ха­­лықтың қызығушылығы өте жоғары болды. Мәселен, тіпті дүкендерде Бейжің Олим­пиадасының таңбалары бейнеленген кәдесыйларға ұзын-сонар кезек болып жатты. Жергілікті халықтың көзінен еліне деген мақтаныш пен зор қуанышты байқалды.

«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

Қазақстан көшбасшысы Қытай аста­на­­сына 3 ақпан күні ұшып келді. Мем­лекет басшысын әуежайдан ҚХР Үкі­ме­ті­нің Еуразия істері жөніндегі арнаулы өкілі Ли Хуэй күтіп алды. Айтпақшы, Қы­тайдың осы жоғары лауазымды дипломаты өткен Жаңа жыл қарсаңында – 30 желтоқсанда Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған. Сол кезде ол Қысқы Олимпиаданың ашылу рәсіміне Қытай Төрағасының шақыруын табыстады. Президенттің айтуынша, олар бір-бірін шамамен 40 жылдан бері біледі. Екі құрдас өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Бейжіңде өте жақын араласқан.

Қазақстан делегациясы Бейжіңнің батыс бөлігінде орналасқан «Дяоюйтай» мем­лекеттік резиденциясына орналасты. Бұл резиденцияның 800 жылдан астам тарихы бар. Бұрын бұл тарихи әрі көрікті жер Қытай императорларының демалысы үшін арнап салынған сарай болған. Цзинь әулетінің билігі кезінде император Чжанцзун мұнда балық аулайтын плат­форма салдырған. Резиденция атауы қытай тілінен аударғанда «балық аулауға ар­налған террасса» дегенді білдіреді. Содан бері резиденцияға «императорша балық аулау» атауы бекіп қалған.

Осы ретте бір нәрсені айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаевтан бөлек «Дяоюйтай» резиденциясында ауқымды іс-шара күндері Ресей Президенті Вла­димир Путин мен Пәкістан Премьер-ми­нистрі Имран Хан ғана тоқтады, ал өзге делегациялар қонақүйлерге орналастырылды. Әрине, бұл Қытай тарапының Қа­зақстан басшысына, жалпы біздің елге деген ерекше құрметін, айрықша көз­қарасын білдіреді.

Бүкіл әлемде өршіп тұрған корона­вирус­тың жаңа «Омикрон» штамы жағ­дайында Қытай билігі бұрын-соңды бол­маған шектеу шараларын енгізді. Бұл хат­тамалық шараларға да өзінің әсерін ти­гізді. Мысалы, белгіленген тәртіпке сәй­кес Президенттің шетелдік сапарларын дайындау кезінде Мемлекеттік күзет қызметінің, Президенттің баспасөз қызметі мен Протоколының, сондай-ақ Президенттің Іс басқармасының бірнеше қызметкерінен тұратын алдын ала баратын топ құрылады. Сол алдын ала баратын топ Мемлекет басшысының Бейжіңге баруына біржарым күн қалғанда жетті. Осындай қысқа мерзімге қарамастан, аталған жұмыс тобы ҚХР СІМ жауапты қыз­меткерлерімен, күзет қызметімен бір­лесе отырып, сапардың барлық хаттамалық мәселесін толығымен шеше алды. Біздің делегацияға қытайлық ұйымдастырушылар тарапынан ерекше қонақжайлылық көрсетілді.

Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанаты «Құс ұясы» деп аталатын ұлттық стадионда өтті. Бейжің – қысқы және жазғы Олимпиада ойындарын өткізген жалғыз қала. Дәл осы стадионда 2008 жылдың тамыз айында жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өткен болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев VIP қонақтарға арналған мінберден қазақстандық олим­пиадашыларға қол бұлғап, қолдау көрсет­ті. Президенттің жеке фотографы түсірген суреттердің бірінен спортшыларымыз шық­қан сәтте Түрікменстан Президенті Гур­бангулы Бердімұхамедов пен оның деле­гациясы біздің Мемлекет басшысына ерек­ше құрметпен қарағанын көруге болады. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те ілтипат білдірді.

«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

Бұл басқа командалармен салыс­тырғанда біздің ұлттық құрамадағы спорт­шылардың әлдеқайда көп болуына бай­ланысты болса керек. Біздің олимпиадашылар елімізге медальдармен оралады деп сенеміз.

Келесі күні, яғни 5 ақпанда Халық жи­налысы үйінде Қазақстан Президенті Қытай Халық Республикасының Төраға­сы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді.

Бұл – мемлекеттер басшыларының үшінші бетпе-бет кездесуі. Бұған дейін олар 2019 жылы қыркүйекте Бейжіңде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде кездескен еді.

Сонымен бірге осы уақыт ішінде мемлекеттер басшылары заманауи байланыс құралдары арқылы тұрақты хабарласып отырды. Бұл өзара ықпалдастықты жалғастыруға және нығайтуға мүмкіндік берді.

Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаев­қа ерекше ілтипат білдіре отырып, құр­мет­пен қарсы алды. Бұны екі елдің көш­басшылары арасындағы келіссөздің маз­мұнынан да, одан кейін бірге суретке түсіп, аудармашысыз сөйлесіп тұрған­дарынан да байқауға болады.

«Олимпиадалық дипломатия» немесе Президент Қ.Тоқаев Қытай еліне қалай барып қайтты

Мемлекеттер басшылары екі ел­дің­ жан-жақты стратегиялық ынты­мақтас­тығын жаңа деңгейге шығара­тын нә­тижелі келіссөз жүргізді. Қытай Төрағасы атап өткендей, бұл кездесу мемлекеттер арасындағы алдағы 30 жылдағы алтын дәуіріне жол ашты. Достық әрі өзара түсіністікке негізделген кездесу со­ңында Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзинь­пинді елімізге мемлекеттік сапармен ке­луге шақырды. Қытай басшысы осы жыл­дың қыркүйек айында қазақ халқының қонақ­жайлылығына куә болады деген үміттемін.

Қазақстан Президентінің жұмыс сапары ҚХР Төрағасының Олимпиаданың ашылу салтанатына келген делегация­лар басшыларына арналған ресми қабылдауымен аяқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы қабылдау барысында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен, ДДСҰ Бас директорымен, сондай-ақ Польша, Сингапур, Қатар, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшыларымен әңгімелесті. Олар Мемлекет басшысының «қасіретті қаңтар» кезінде жағдайды тұрақтандыру үшін қабылдаған шешімдеріне қолдау білдірді.

Қабылдау аяқталған соң Қасым-Жомарт Тоқаев әуежайға бет алып, Қазақстанға ұшып кетті. 5 сағаттық жолда Президент Бейжің сапарынан алған әсерімен бөлісті. Мемлекет басшысы биылғы алғашқы шетелге жасалған сапарына көңілі толатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытай тілін жетік меңгерген әлемдегі санаулы көшбасшылардың бірі екені жалпыға мәлім. Кезінде Президент осы елде оқып, жұмыс істеген. Қытайдың мың­жыл­дық бай тарихы мен мәдениетін зерттеген. Мемлекет басшысының CCTV телеарнасына 2019 жылы берген сұхбаты­нан кейін журналиске естелік жазба қал­дырғаны қытай халқының әлі күнге дейін есінде екеніне сенімдімін. Си Цзинь­пин Бүкілқытайлық халық жи­на­лысының зәулім ғимаратында өткен келіс­сөздердің басында Қасым-Жомарт То­қаев­ты «қытай халқының досы» деп атады.

Президент бүгінде Қытайды даму­дың барлық көрсеткіші бойынша әлемдік көшбасшылар тобына лайықты түрде қосылды деп есептейді. Қытай эко­номикасының әлемде екінші орын­да тұрғаны ешкімге құпия емес, сарап­шы­лардың болжамы бойынша 10 жыл­дан кейін бірінші орынға шығуға тиіс. Қы­тай сияқты елмен көрші болу мем­лекетіміз үшін артықшылық деп ойлай­мын. Қазақстан мен Қытайдың мем­лекеттік шекарасының ұзындығы – 1782 шақырым. Бірқатар мемлекет Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялап жатқан кезде достас елді қолдамау және оның ашылу рәсіміне қатыспау дұрыс болмас еді. Президент оң шешім қабылдады.

 

Берік УӘЛИ,

Президенттің баспасөз хатшысы

Өзгелердің жаңалығы