Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін өмір бойғы төлем 5 есе артты

13 Сәуір 2023, 17:15
1089
Бөлісу:
Олимпиада жүлдегерлеріне берілетін өмір бойғы төлем 5 есе артты
Фото: ҚР МСМ баспасөз қызметі

Олимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына берілетін өмір бойғы төлем мөлшері 345 000 теңгені құрады, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР МСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Соңғы екі жылда елімізде олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы материалдық қамсыздандыру мөлшері 5 есеге жуық ұлғайды. Мәселен 2021 жылы оларға 24 АЕК мөлшерінде ғана немесе 70 008 теңге төленсе, биыл олар ай сайын 345 000 немесе 100 АЕК мөлшерінде материалдық қамсыздандыру алады.

Бүгінгі таңда Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада жүлдегерлерімен қатар, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына да 100АЕК мөлшерінде өмір бойына ай сайынғы төлем қарастырылған.

Айта кету керек, материалдық қамсыздандыру ел аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар, Қазақстан Республикасының азаматты болып табылатын спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы төленеді.

Ай сайынғы материалдық қамсыздандыру спортта жоғары нәтижеге ие болған спортшылар мен олардың жаттықтырушылары үшін үлкен қолдау. Сонымен қатар бұл жасөспірімдер мен жастарды спортпен айналысып, чемпион атануға ынталандырады. Дүниежүзілік жарыстарда еліміздің намысын қорғап, жүлде алған отандастарымызды әлеуметтік тұрғыда қорғап, қолдау мәселесі министрліктің жіті назарында,- деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Өзгелердің жаңалығы